$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елімізде бір жылда 400 әйел күйеуінің қолынан қаза табады

AstanaTV
15.01.2024ж. 12:00
930
Елімізде бір жылда 400 әйел күйеуінің қолынан қаза табады

Қазақстанда бір жылда кемінде 400 әйел күйеуінің қолынан қаза табады. Бұл туралы Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұқбатында айтты.

«Биыл Ішкі істер министрлігіне қол көтеруге байланысты 5 облыстан көп арыз түскені анықталды. Алматы облысы бұл қатарда екен. Санасы жетіп, заңды біліп, өзін қорғау деңгейіне жеткен әйелдердің бар екеніне қуанамын. Бірақ осы бес облыстың ішінде Түркістан облысы жоқ. Халқы көп, абьюзер көп, ең дәстүрлі қоғамда өмір сүріп жатқан, өмір бойы шыдап келе жатқан және көпбалалы отбасыда өмір бойы қорлық көріп келе жатқан қаншама ананы танимын. Бірақ олар заңға жүгінбейді. Мұның артында көп себеп бар. Ауылда тұрған әйел үшін полицияға баратын болса, ол полиция күйеуіңнің досы, сыныптасы, құдасы, құда баласы болып шығады. Полиция қазақылыққа салынып, «ертең жарасып кетесіңдер, арыз жазба» деп айтады. Күйеуіне барып, «сенің әйелің не істеп жүр?» дейді. Ол келіп тағы таяқ жейді», - дейді Нәзипа Шанаи.

Айтуынша, Қазақстанда бір жылда кемінде 400 әйел күйеуінің қолынан қаза табады.

Соны тоқтату үшін криминализациялау да қажет, бірақ біз тек соттап, түрмеге қамату арқылы қоғамды түзей алмаймыз. Түрмеден кім адам болып шықты? Осы сұраққа біреу жауап берді ма? Ол жерде әлеуметтендіру мәселесі қаралмайды. Ол жерде бір-бірінен жамандықты үйренбесе, жақсылық үйренбейді. Бұл да – тығырық, - дейді Аналар кеңесінің төрағасы.

Бұған дейін Нәзипа Шанаи отбасыдағы жанжал, жалғызбасты әкелердің тағдырына қатысты ойын айтты.

«Әйел өзін күйеуі жақсы көретінін сезінуі керек. Қазақтың жігіттері жақсы көретінін айтпайды. Кинодан «жаным» дегенді көріп отырған келіншек «күйеуім мені жақсы көрмейді» деп ойлайды. (...) Ер адам отбасына келе жатқанда сырттағы көңіл күйін сол жерде қалдырып, үйге күлімдеп кіруі керек. Ол үйге кіргенде әйелім қуанып, бала-шағам шаттанып қарсы алуы керек деген мақсат қоюы керек. Сонда ғана отбасы бақытты болады. Ер адамға «әйел маған сенеді» деген сенім керек. Сенім бар болса, ер адам міндетті түрде алдындағы кедергілерді жеңе алады. Сенімді сезбесе, жылуды сырттан іздейді», - дейді Нәзипа Шанаи.