Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

СҚО-да ВИЧ-инфекциясына шалдыққандар саны биыл 15 пайызға өскен

AstanaTV
23.12.2016ж. 20:00
2425
СҚО-да ВИЧ-инфекциясына шалдыққандар саны биыл 15 пайызға өскен

Солтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны биыл 15 пайызға өскен. Бұл жайында біздің арна тілшілеріне жергілікті СПИД орталығының мамандары хабарлады. Дәрігерлер мұны тексерістен өткен тұрғындар санының өсуімен түсіндіреді. Ақ халаттылар емі жоқ дертпен қалай күресіп жатыр? Тілшіміз жалғастырсын.

Анастасия Новоекина індет жұқтырғанын осыдан 2 жыл бұрын жоспарлы тексерістен өткен кезде біліпті. Алғаш естігенде өте қиын болды, дейді. Бүгінде дәрігерлердің көмегімен ауруын асқындырмай, денсаулығын бірқалыпта ұстап келеді.

Анастасия Новоекина, Петропавл қаласының тұрғыны:

Өзімді баяғыдай сезінемін. Айырмашылық жоқ сияқты. Жақсы емнің басты қағидасы - дәрігерлердің талаптарын орындау. Туыстарыма жұқтырып алмауға тырысамын. Жеке гигиена мәселесі бірінші орында тұр.

Мұндай диагнозбен аймақта 619 науқас тіркелген. Былтырғымен салыстырғанда олардың қатары 15 пайызға өсіпті. Дәрігерлердің айтуынша, қазір иммун тапшылығы инфекциясын анықтау жұмысы белсенді түрде қолға алынған.

Айман Сыздықова, ЖИТС-тің алдын алу және күрес жөніндегі облыстық орталығының бас дәрігері:

Індет кеңінен таралмау үшін тұрғындар арасында жаппай тексеруді бастадық. Бірінші кезекте - нашақорлар мен жеңіл жүрісті әйелдер. Анықталғандардың 80 пайызы аурудың 1-ші, 2-ші сатысында. Демек, олардың өмірін мейілінше ұзартуға мүмкіндік бар.

Мұндай белсенді жұмыстар Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жаңа бағдарламасы аясында қолға алынды. «90-90-90» деп аталатын тың жоба барысында инфекцияны анықтау шаралары 30 пайызға артқан. Тек науқастарды іздеумен ғана айналысатын арнайы мамандар пайда болды. Олардың көмегімен инфекция жұқтырғандар дер кезінде анықталып, індеттің таралуы үнемі бақылауда болады.

Аурудың бастапқы деңгейіндегі науқастар жарты жылда бір рет тексеріліп отырады. Ал асқындырып алғандар диспансерде ем алады. Биыл бұл мақсатқа ел қазынасынан 170 миллион теңге бөлінген. Айта кету керек, иммун тапшылығы дертіне шалдыққандар әрдайым моральдық тұрғыдан қолдауға ие болады.

Қарлығаш Ақынова, психолог:

Пациент қан тапсырар алдында біз оны психологиялық тұрғыдан дайындап аламыз. Нәтиже теріс болып шықса, адамдар көбіне есеңгіреп қалады. Бірақ біз олармен әңгімелесіп, демеу беріп отырамыз. Иммун тапшылығы - бұл үкім емес. Егер науқас салауатты өмір салтын ұстанса, өмірін ондаған жылға соза алады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Сөйтіп, биыл теріскейде науқастар саны 80 адамға көбейіп отыр. Дегенмен, ақ халаттылар бұл қалыпты көрсеткіш деп, барлығын сабырға шақыруда. Өңірде ВИЧ индикаторы - 0,22 пайызды құрайды. Ал Ресейдің кей облыстарында бұл көрсеткіш 10 есе көп. Жаңа бағдарламаның енгізілуі мұндай сұмдықты болдырмауға бағытталса керек.