Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Террорлық әрекет жасамақ болған үшеу сотталды

AstanaTV
26.12.2016ж. 20:00
2865
Террорлық әрекет жасамақ болған үшеу сотталды

Шымкентте ДАИШ-пен байланыста болғандар сотталды. Оларды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары ел аумағында теракт жасамақ болды деп айыптаған еді. Бүгін сот үш айыпталушыға жаза кесті. Жабық есік жағдайында өткен істің бүге-шүгесі ашылмай отыр. Соттың үкімін Айзада Төребекқызы тарқатады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері Қарағанды облысының үш азаматын маусым айында қамауға алған болатын. Екі айға созылған сот процесі аяқталды. Айыпталушылардың екеуі сегіз және тоғыз жылға сотталса, олардың үшінші сыбайласы 4 жыл 9 айға қамалды.

Нұрсұлу  Жораева, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының  бас маманы:

«Ж» және «К» Қазақстан Республикасында тиым салынған халықаралық «ДАИШ» террористік ұйымының құрамына кіретін топ мүшелерімен тығыз байланыста болып, ОҚО бойынша ҰҚК-нің қызметкерлерімен ұсталған. Сонымен бірге осы үкім бойынша азамат терроризим туралы материалдарды өз компьютерінде сақтап, оны ҚР аумағында насихаттағандығы үшін кінәлі деп танылған.

Үкім әлі күшіне енген жоқ. Айта кетейік, ұйымдасқандардың екеуі Шымкентте, үшіншісі, яғни басты фигурант, Қарағандыда ұсталып, Оңтүстікке жеткізілген болатын. 21, 22 және 31 жастағы жігіттер түрлі қылмыс жасағаны үшін бұрын да  сотты болғаны анықталған. Дінге түрмеде отырғанда бет бұрған. Негізгі тапсырыс берушімен де темір тордың арғы жағында отырып таныс болғандарын сот кезінде айтқан.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Еске салайын, сотталғандар Қазақстанда тыйым салынған экстремистік топ мүшесінің нұсқауымен шымкенттік белгілі кәсіпкерді нысанаға алған. Бірақ қарақшылық жасау жолымен дүние-мүлкін жымқыру туралы арам пиғылдары жүзеге аспай қалған. Сотталғандар екеуі жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ