Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Жылы аялдамалар қаңғыбастардың мекеніне айналған

18.01.2024ж. 20:00
470
Жылы аялдамалар қаңғыбастардың мекеніне айналған

Астананың жылы аялдамаларының жағдайы мәз емес. Бірінің есігі дұрыс жабылмайды, енді бірінің ішінде жылу жоқ, ал кейбірінде қоқыс шашылып жатыр. Әрқайсысының құны он миллион теңгеден асатын аялдамалар суықта бүрсең қаққан халыққа қалқа бола алмай тұр. Бетті қарып, қолды үсіткен аязға арқаның аңызақ желі қосылғанда ұшарға жер, қонарға аялдама таппай қиналамыз . Қазір сынап бағанасы сәл де болсын көтерілді. Бірақ қыс біткенше астаналықтарға жылы орын ауадай қажет.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Жұмысқа шықтым. Күнделікті мен де өзгелер секілді барар жеріме қоғамдық көлікпен қатынаймын. Кейде сағаттап автобус күтуге тура келеді. Мұндайда жылы аялдамада жанға сая тапқың-ақ келеді. Бірақ әкімдіктің барлық жерді ондай нысанмен қамтуға шамасы келмей отқан секілді. Міне, мен қазір өз аялдамама келдім. Көріп тұрсыздар, белгісі болғанымен жаңбырдан қорғайтын шатыры да жоқ.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жылы аялдамалар керек, конечно. Кейбір автобустар 15-20 минут кешігеді. Қатты тоңсақ магазиннің ішіне кіреміз. Хозяйкадан қорқып тұрамыз, қуып жібере ма, қуып жібермей ма деп.
- Жылы аялдаманы айтады күтетін жері анау ғой. Мұз-мұз отыратын орындықтары. Әрине, керек! Еще көп күтеміз. Мен уже 15-20 минут болды.
- 40-45 минут қоғамдық көлік күтетінін кездер болады. Аязда баламды мектептен алып қайтамын. Үсіп қаламыз.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мен баратын мекенжайға тіке баратын автобусты әлі біраз күтетін секілдімін. Сондықтан екі аялдама жасауға тура келеді. Қазір келген автобусқа мініп, белгілі-бір жерден түсіп, келесі автобусқа мінетін боламын.

Қазір бас қалада 1091 аялдама пункті бар. Оның ішінде жылы аялдамалар саны — 196. Ал, 35 аялдама жеке кәсіпкер қаржысына коммерциялық мақсатта орнатылған. Біз, міне, бір автобусқа мініп денемізді жылытып алдық. Әлі біз баратын жерге дейін біраз бар. Бұл қоғамдық көлік ол жерге бармайды. Сондықтан келесі аялдамадан түсіп, өзімнің автобусымды күтемін.

Біріне мініп, бірінен түсіп жүргенде қала ішіндегі аялдамалардың сапасы сын көтермейтінін көрдік. Жылыту құрылғылары істен шыққан, кейбірінің есігі дұрыс жабылмайды. Іші қоқыс тастайын орынға айналған. Дірдектеген жұрт өңменінен өтетін суықта бүрсең қағып сыртта тұр.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Межелі орынға жете алмай әлі келе жатырмын. Келесі аялдамаға келдім. Бұл жерде жылы аялдама бар екен. Бірақ «жылы» деген атауы ғана сияқты. Өйткені, әйнегі сынған, бір қап салафанмен қоршап қойыпты. Аялдамада кондиционер бар. Бірақ бұдан ешқандай пайда жоқ секілді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Астана болғаннан кейін ананың бәрі істелінуі керек қой. Қайдағы жылытады? Салафанда бәрі. Шынысы да жоқ.
- Кірейік десек дала суық болғаннан кейін іші сасып жатады. Невозможно дышать. Сосын звондаймыз 102-ге. Алып кетеді. Ішін жинамайды ешкім.

Жылы аялдамалардың жеткіліксіз екені түсінікті. Әкімдік жақында тағы 40 нысан салуды жоспарлап отыр. Оның 10-ы – Нұра ауданына тиесілі.

Сұлтан МАҚАШ, «НҰРА» АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бұл санды үлкейтуді жоспарлаудамыз. Инвесторларды тартып, бизнес арқылы жылы аялдаманы қондыру санын үлкейту жоспарланған. Сонымен қатар, жылы аялдама қондыру барысында жолаушылар ағынын ескеру арқылы қондырылады. Ол әлеуметтік нысандар, мектеп, балабақша және медициналық организациялар жанына қойылады.

Мүліктің бүлінуіне тұрғындардың да тікелей қатысы бар. Орындықтар мен есікті әдейі сындырып, қиратып кеткендерді желіден көріп жүрміз. Енді оларға заң қатаңдатылады, - дейді құзырлылар.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Жылы аялдамалар Елордада 2015 жылы орнатыла бастады. Құны 10 миллион мен 12 миллион арасында. Теңгенің мөлшеріне қарап сапасына сай деп айту, әрине, қиын. Арқаның аязы бүйірден ұрғанда ауаға кеткен ақша-ай деп бас шайқаймыз, - дейді халық. Сөзінде жан бар. Мен де бір күні түсірілімге автобуспен шығамын деп, құлақты үсіттім. Менің де қалтамды тескен ақшам жоқ. Бірақ денсаулық үшін такси ұстап қайтуға мәжбүрмін.