$494.87 €520.65 ₽4.91
×

“Молекула” дәрісін қабылдаған”: Аздыратын дәрі ішкен әйел адамның жүрегі тоқтап қалды

AstanaTV
19.01.2024ж. 14:00
2847
“Молекула” дәрісін қабылдаған”: Аздыратын дәрі ішкен әйел адамның жүрегі тоқтап қалды

Маңғыстаулық кардиохирургтар арықтататын дәрі қабылдау салдарынан жүрегі тоқтап қалған 30 жастағы науқасты аман алып қалды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Желтоқсан айында аурухананың жедел жәрдем бөліміне жас әйел өте ауыр жағдайда жедел жәрдеммен жеткізілген. Қан қысымы күрт төмендеп, науқас кардиогенді шокқа түскен. Дәрігерлер ультрадыбыстық зерттеу кезінде жүректің жиырылу қабілетінің төмендегенін анықтады.

Кардиохирург Әбунасыр Суханов:

“Ата-анасының айтуынша, науқас арықтатуға арналған "Молекула" дәрісін ішкен. Соның салдары жүрекке әсер етті деген тұжырымға келдік. Себебі арықтатуға арналған дәрінің құрамында "сибутрамин" деген зиянды зат бар. Бұл дәрі жүрек-қан тамыр жүйесінің әлсіздігіне алып келеді. Науқастың қан қысымы қалыпқа келмеген соң жедел түрде жасанды жүрек-өкпе (ЭКМО) құрылғысына қостық. Осылайша, жүрекке қосымша сүйемелдеу арқылы көмек беріп, қан қысымын 70-ке дейін көтердік”, - дейді.

Жасанды жүрек-өкпе аппараты бір апта бойы науқастың денесінде болды. Емдеу нәтижесінде қан қысымы да қалыпқа келді. Оянғаннан кейін әйел құрылғылардан ажыратылды. Қазір науқастың жағдайы жақсы.

Науқастың анасы қызын аман алып қалуға мүмкіндік алған дәрігерлерге алғысын білдірді. Мейрамгүл Кенжебаева:

“Бәрі дәрігерлердің шеберлігі мен біліктілігінің арқасында жүзеге асты. Ота тегін жасалды. Аурухана басшылығына, кардиохирургиялық дәрігерлерге, жансақтау бөліміне және медбикелерге алғысымды білдіремін”, - деді.

Айта кетерлігі, мұндай шұғыл операциялар медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында, ал жоспарлы операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылады.