$498.51 €522.84 ₽4.81
×

«Қайсар» сатылады

AstanaTV
19.01.2024ж. 14:26
1291
«Қайсар» сатылады

Футболдан ел біріншілігінде Сыр өңірінің намысын қорғап жүрген «Қайсар» командасы қиын кезеңге тап болған секілді. Соңғы жылдары қаржылық қиындықтарды бастан өткерген клуб жақын күндері сатылымға шығарылмақшы,-деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Кейінгі кездері Сыр елінің басты коман­дасы «Қайсар» футбол клубының сәтсіздікке жиі душар болып жүргені жанкүйерлерін жабырқатып тұр. Команда ұжымы жүйелі жұмыстар жүргізгенімен, адымы ашылмаған клубтың басынан сан түрлі сынақтар өтті.

Клуб тарихына көз жүгіртсек, 2016 жылы аяқдопшылар қиын кезеңді бастан өткерді. Қажырлы еңбектің арқасында бірінші лигаға түсіп қалған клуб премьер лигаға қайта жолдама алды. 2017 жылдан команда үздік алтылықтан көрініп, жерлестеріне қуаныш сыйлады. Командадағы легионер­лердің сапасы да көз қуантты. Атап айтқанда, бір кездері Аякс клубының мақтанышы болған Джон Джошуа, Армения құрамасы­ның ойыншысы Тигран Барсегян, Андер­лехттің түлегі Куле Мбомбо сияқты мықты­лар командада доп тепті. Сондай-ақ ел мақтаны­шына айналған Мақсат Байжанов, Асхат Тағы­берген секілді аяқдопшылар Сыр фут­болының түлектері екені мәлім.

Жалпы, жыл сайын сырбойылық клубтың қаржы мәселесі қылтиып көрініп қа­лып жатады. Былтырдың өзінде де ко­манда қаржылық қиындықтың қүрсауында қалды. Жаңа ойыншыларды тіркеуге шектеу қойы­лып, «трансферлік банға» ілікті. Қарыздары­нан толық құтылмай, шектеу алынбайтыны белгілі болды. Сонда да сыр аяқдопшылары еңселерін түсірмей, есесіне жүйелі ойын өрнегін көрсете отырып, премьер лигадағы орнын сақтап қалды. Осы­лайша, «дала қасқыр­ларының» қайсар­лығы жанкүйерлерін бір желпінтіп тастады.

Былтыр Қызылорда облысы әкімі тарапынан аймақтың басты футбол коман­да­сына қолдау көрсетіліп, қаржылық қиын­дықтарды еңсерілетіні айтылып, жергілікті жанкүйерлерді қуанышқа бөлегені көптің есінде. Алайда бұдан да көз қуантарлық нәтиже көрінбеді.

Аяқдопшылар жалақы және басқа қиын­дық­тарды көтере жүріп, әйтеуір өткен жылды әупірімдеп аяқтады. Бұл – коман­даның келешегіне деген көптің күмәнін одан бетер арттыра түскені ақиқат.

Жаңа жыл басталған тұста клубқа қатысты тағы бір тың дерек тарай бастады. Халық арасында сырбойылық команданы сатылымға шығарғалы жатқаны жайында ақпарат желдей есті. Онсыз да сүйікті клу­бының келе­шегіне алаңдаулы күйде жүрген жанкүйерлерді бұл қауесет есеңгіретіп тұр. Дереккөзге сәйкес, 23 қаңтардан бастап «Қайсар» футбол клубы сатылымға шы­ғарылады делінген.

Аталмыш ақпараттың ақ-қарасын анық­тау мақсатында клуб әкімшілігіне хабар­ласып көрдік. «Қайсар» клубының баспасөз қызметі ел арасында тараған ақпаратты рас­тап, клу­бты сатылымға шығаруға ұйға­рым жасалғанын мәлімдеді.

«Қайсар» клубының сатылымға шы­ға-рыл­ғаны рас. Қазір команданың құны 1,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Оған клубтың өзі, команданың базасы, Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионы және қызмет- тік көліктері кіреді. Алғашқы қатысу жарна-сы­ – 252 млн теңге. Яғни, үміткер осы қаржыны төлеп, сатылымға қатыса алады. Ал 23 қаңтарда алғашқы сатылым болады деп жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде, сатып алушыға ко­манда 5 жылға сенімгерлік басқаруға бе­ріледі. Нақты айтқанда, сатылым қорытын­дысымен сатып алушы клубтың 51 пайыз меншік иесі атанса, ал қалған 49 пайыз мемлекеттің құзырына кіретін болады», – деп түсіндірді бұл жайында клубтың баспасөз хатшысы Ерасыл Шәрібек.

Клубтың сатылымы төңірегінде жан-күйер­лердің пікірі де сан түрлі. Футбол жа-нашыр­лары бұл қадам құптарлық бастама екенін мәлімдеп отыр. Тек клубты меншігіне алған адам аяқдопшыларға тиісті жағдай жасап, жоғары нәтиже көрсеткенін қалайды.

«Менің ойымша, Қазақстан футболы, оның ішінде Сыр футболы дамуы үшін тың бастамалар қажет. Бұл тұрғыда футбол жанкүйері ретінде бірінші кезекте футболды мемлекеттен қаржыландыру тиімсіз деп есептеймін. Әлемдік тәжірибеде көптеген танымал клубтар белгілі бір инвестордың қаржыландыруы арқылы жоғары нәтиже­лерге қол жеткізіп жатқанын білеміз. Біздің елге де осындай жүйеге көшу қажет. Сондық­тан бұл бастаманы қолдаймын. Тек инвестор тарапынан клубты құрдымға жібермей, жү-йелі жұмыс жүргізуге жағдай жасаса игі. Клубтың жаңа иесі табылып жатса, Сырдың басты футбол командасын жоғары нәтиже­лерге бастайтын тың мүмкіндіктер қарас­тырады деп ойлаймын», – дейді «Дала қасқырлары» жанкүйерлер қозғалысының көшбасшысы Эрик Теңізбаев.

Футбол жанашырының пайымдауынша, Америка және Еуропа елдерінің кәсіпқой футбол командалары инвестордың жеке қаржыландыру жүйесімен жұмыс істеп келеді. Бұл өзінің тиімділігін де көрсетті. Сондықтан біздің елге де мұндай жүйеге кезең-кезеңімен көшкен дұрыс екенін алға тартады. Ал мемле­кеттен қаржыландыру жүйесі балалар мен жасөспірімдер спортына және спорттық нысандар салу мен оның инфрақұрылымын дамытуға бағытталуға тиіс деп есептейді.

Ең бастысы, клубтың жаңа иесі коман­даның жұмысын жандандыруға қажетті қаражат құйса, аяқдопшылардың нәти­желі ойын көрсетуіне жол ашылары сөзсіз. Бұл тәсіл әлемдік тәжірибеде кеңінен қол­даны­латыны белгілі болып отыр.

Әзірге сатылымға шыққан командаға қызығушылық танытып отырғандар бой көрсете қоймапты.