Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Маңғыстауда дәрігерлер ағаш жұтып қойған сәбиді құтқарды

AstanaTV
22.01.2024ж. 09:23
1422
Маңғыстауда дәрігерлер ағаш жұтып қойған сәбиді құтқарды

Маңғыстаулық дәрігерлер есіктің қырындағы ағашты жұтып қойған 11 айлық сәбиді құтқарып қалды. Бұл туралы Mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Ведомство ақпараты бойынша балаға алдымен дем жетпей, кейін денесі көгере бастаған. Ата-анасы сол мезетте Болашақ ауылының жалғыз медбикесі Аннуза Кадыроваға хабарласып, көмек сұраған.

"11 айлық сәбидің ата-анасы телефон шалып жағдайын айтып жедел түрде келуімді сұрады. Бірден алғашқы көмек көрсеттім. Бұрын қызмет етіп жүргенде, адам бөгде зат жұтып қойса, май ішкізу керек дейтін. Сол есіме түсіп, қызыл май ішкіздім. Сәлден соң бала аздап демалып, жөтеле бастады. Дегенмен, тамағында тұрған бөгде зат бері қарай шықпады. Ауылдағы жедел-жәрдем маманы, ата-ана баласымен бірге 3 сағатты артқа тастап Жаңаөзен қаласына жол тарттық", - деді Қарақия ауданына қарасты Болашақ ауылының медбикесі Аннуза Қадырова.

Сәби Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілген.

"Қарау барысында, бүлдіршінде мазасыздық, су ішпеу, ана сүтін ембеу, лоқсу белгілер болды. Рентгенге түсіру барысында ешқандай бөгде зат анықталмады. Сол себепті лор дәрігермен бірге қарау ұйғарылды. "Фолея" атты катетер арқылы медициналық талаптарға сәйкес бала өңешінің жоғарғы үштен бір бөлігіне катетер жіберіліп, бөгде зат алдық", - деді Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының хирург дәрігері Мақсат Унайбаев.