$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Татарстанда төбелескен оралдықтар үш айдан бері қамауда отыр

24.01.2024ж. 20:00
698
Татарстанда төбелескен оралдықтар үш айдан бері қамауда отыр

Орал қаласының бір топ тұрғыны Татарстанда қамауда отырған балалары мен бауырларынан хабар ала алмай отыр. Айтуынша, туыстары төбелескені үшін істі болған. Бірақ бірнеше айға созылған тергеу әлі аяқталар емес, әрі татар еліне барып, балаларына араша сұрауға қалтасы көтермейді.

Бұл видео былтыр күзде түсірілген. Татарстандағы интернет дүкен қоймасының жұмысшылары бір-бірімен төбелесіп жатыр. Әріптестерімен кикілжіңге келген оралдық жігіттердің дені осы төбелестен кейін елге оралған. Ал төбелес кезінде төсіндегі белгісі түсіп қалған 15-ін полиция қамауға алыпты. Кейін төртеуінің үстінен іс қозғап, қалғандарын жөніне жіберген.

Мира САТҚАНОВА, АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ ТУЫСЫ:

Біздер консульствоға бардық Қазанға. Ештеме істей алмады. Мұндағы консульствоға бардық. Мұндағылар мүлдем кіргізбеді. Екі рет барып келдік Қазанға. Бірақ нәтиже жоқ. Әлі де тергеу болып жатыр дейді. Төрт балада 16 тергеуші тұр дейді. Қазанның өзінен адвокат алып едік, сол д ештеме істей алмай тұр.

Ақсұлу АМАНГЕЛДИЕВА, АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ ТУЫСЫ:

Ютубтен қарадым. Біздің балалар тек жүр. Төбелесіп емес. Просто былай-былай нетіп жүр. Анадай бір ешкім зардап шегіп жатқан жоқ. Енді біз осыда барған жоқпыз, барғанмен тергеуді ұзарта береді қайта-қайта. Тергеу жүрмей тұр ғой.

Дағдарған оралдықтар Қазақстанның Ресейдегі елшілігінен көмек сұраса да, нәтиже болмапты. Ал Татарстанға баруға қазақстандық адвокаттардың лицензиясы жарамайды екен.

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Шетелде заң бұзғандар сол мемлекеттің заңымен жауап береді. Біз тергеуге араласа алмаймыз. Ешбір ел өзінің тергеу жұмыстарына шетелдік дипломаттарды жолатпайды. Бізде де солай. Ресейге Қазақстан адвокаттарының лицензиясы жарамайды. Бірақ елшілік қорғаушы тауып беруге көмектеседі. Олардың құқықтары мен мүдделері қорғалады.

Туыстарының айтуынша, қамаудағы төртеуге қылмыстық ұйым мүшелері ретінде айып тағылған. Егер сот кінәлі деп тапса, жеті жылға сотталуы мүмкін. Ендігі амал - Ресейде жұмыс істеуге лицензиясы бар қорғаушы іздеу. Бірақ олар қызметіне 1,5 миллион теңге сұрапты. Дағдарған оралдықтар енді мұнша ақшаны қайдан табарын білмей отыр.