Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

"Төрт жыл бұрын жоғалған баламыз құлдықта болуы мүмкін", - тұрғын

25.01.2024ж. 20:00
552
"Төрт жыл бұрын жоғалған баламыз құлдықта болуы мүмкін", - тұрғын

"Үйден шығып, қайта оралмады". Осылай деп жақынын іздеп, жар құлағы жастыққа тимей жүргендер қатары көбейіп барады. Екі мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Жалпы 10 мың адам іздеуде жүр. Айдың күннің аманында адамдар қайда жоғалады? Табылғандары бар ма? Сүндет Оралбек жауаптылардан сұрады.

Қостанай облысында 4 жыл бұрын жоғалған Руслан Жұбанышевтан әлі хабар жоқ. Он жеті жасында із-түзсіз кеткен бозбаланы ата-анасы, ағайыны әлі күнге дейін іздеп жүр. Оны соңғы рет Ілияс Омаров ауылындағы көл жағасында көрген. Достарымен бірге балық аулауға барған колледж шәкіртінің содан бері қайда кеткені белгісіз. Көл жағасынан ізім-қайым болған жасөспірімді жарты миллионға жуық адам іздестірген еді. Ал туған туыстары құлдықта болуы мүмкін деген болжам айтады.

Анар ЖҰБАНЫШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз үміттенеміз. Оны табамыз деп. Іздейміз оны. Бірнеше бақсы бізде болды. Экстрасенс болды. Енді білмейміз біреу солай айтады. Біреу басқаша айтады. Бірақ біз ол үйге келеді деп үміттенеміз.

Ал Орал қаласының тұрғыны Асылан Бәуеновты туыстары 2019 жылдан бері іздестіріп жатыр. Арақ пен темекі секілді зиянды әдеттен аулақ жігіт сол кезде қалалық сотта жұмыс істеген. Кейін ауыл жақтан шаруа қожалығын ашам деп шығып кеткен ол үйіне оралмапты. Ұлының бір дерегі шығып қалар деген үміт жетегіндегі әкесі тіпті Ресейді шарлап, көршілес облыстарға сұрау салған. Бірақ нәтиже жоқ. Шарасыз туыстары Асыланның хабарын айтқан жандарға 1 миллион теңге сыйақы бермекші.

Нәжімеден БӘУЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Атырау жаққа да бардым, Ақтөбе жаққа да бардым. Көріпкелдерге бардым бірталайына. Үш айдан кейін, үш күннен кейін, үш жылдан кейін келеді деді, білмеймін енді. Алла қосса келіп қалар.

Із-түссіз жоғалғандарды іздеу жұмыстарына еріктілер де белсенді атсалысады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жақындарын жоғалтқандардан 38 өтініш түссе, соның басым бөлігінде осы волонтерлар көмектескен.

Кристина АШПЕКОВА, ЕРІКТІ:

Қаңтар айында біз төрт адамды табуға көмектестік. Күннің суықтығына қарамастан, жеке үйлерді, ғимараттарды аралап, адасқан адамды тез арада іздеуге тырысамыз. Кейін халықтың ризашылығын естігенде бұл жұмыстың шын мәнінде адал, сауабы мол екенін түсінеміз.

Елімізде 2098 адам із-түзсіз кеткен. Оның 1572-сі үйінен шығып, қайта оралмаған. Ал 73-і автокөлікпен кеткеннен, кері қайырылмаған. 38 адам жұмыстан кейін үйіне жетпеген. Жоғалғандардың көбі Алматы қаласында тіркелген. 278 адам. Қарағандыда - 217, Павлодар - 170, Алматы облысында 152 адам хабар-ошарсыз кеткен.

2098 адам жоғалған

Тәртіп сақшылары көбіне өздері туралы мәлімет жеткізе алмайтын, тұрғылықты жерін ұмытып қалатын егде жастағы немесе психикалық ауытқуы бар адамдар жиі із-түзсіз кететінін айтады. Мұндай кісілердің бір рет қана емес, бірнеше рет жоғалып кетуі мүмкін. Полицейлер жыл басынан бері хабарсыз кеткен 600-ге жуық адамды отбасымен қауыштырды.

Руслан НАЗАРОВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жоғалып, іздеуде жүрген 2358 адамның былтыр 1500-ден астамы анықталды. Жоғалған адамды табу үшін полиция арнайы технологияларды қолданып, іздеу іс-шараларын жүргізіп, барлық маршрутты бақылауға алады.

Бұдан бөлек полицейлер тергеу мен соттан жалтарған 2 378 адамды іздеуде. Олардың көбі негізінен 31 мен 40 жас аралығындағы ер адамдар. Басым бөлігі алаяқтық, ұрлық және адам өлтіру дерегі бойынша іздестіріліп жатыр.