Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Жалған ақпарат таратқандардың 55% – ішімдік ішкендер

26.01.2024ж. 20:00
422
Жалған ақпарат таратқандардың 55% – ішімдік ішкендер

Қазір жалған ақпарат таратып, елдегі елең-алаңды өз мүдделеріне қолданатындар көбейген. Былтыр 215 адам фейк хабарлама таратса, биыл олардың саны бір айдың ішінде 22 жеткен. Оның екеуі - кәмелетке толмаған бала. Тау мен тасты бұзатын сөз бүтін бір жұрттың тағдырын талқандамай ма? "Әзілқойлар" неге заңнан қорықпайды? Аружан Задабек мамандармен тілдесті.

Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды деген сөз рас-ау. Бірінен естігенді, екіншіге жеткізу адамның табиғатына тән. Бірақ оның рас-өтірігін анықтау көптің ойына кіріп те шықпайды. Осыдан 10 жыл бұрын «ақыр заман» келе екен деп, шам жинап, қам жасадық. Одан аман-есен шықтық дегеніміз сол еді, короновирус келіп, тағы үркітті. Пандемия кезінде жалған ақпараттар легі, тіпті, өршіді. Әлеуметтік желіде деректер дәлелсіз таратылды. Ұшақпен ауа арқылы вирус шашады, чип салады, тағысын тағы...

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Желіге сенбеймін ешқандай. Өз көзіммен көрмесем, құлағыммен естімесем сенбеймін.
- Кейбіреуі рас айтады, кейбіреуі өтірік айтады. Бес саусақ бірдей өспейді дейді негізі.
- Қарау керек қой, қандай ақпарат. Фильтр болу керек қой әр адамда.

Жалған ақпарат тарататындардың арасында кәмелетке толмаған бала көп. Олар, әдетте, мұндай іске ойланбай барады. Таразда болған оқиға естеріңізде шығар. Оқушылар сабаққа бармау үшін «мектепте бомба бар» деген ақпаратты жариялайды. Оның соңы үлкен дауға ұласты.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Бұндай адамдарда понофобия бар деп айта аламыз. Понофобия – адам өз қиялынан түрлі қорқынышты оқиғаларды ойлап тауып жатады.

IT маманы дамыған заманда ақпараттың рас-өтірігін анықтау оңай, - дейді. Қарапайым мысал, тараған хабарды Google-ға саласыз. Жүйе оқиғанын қашан, қайда болғанын бірден шығарып береді. Ал, WhatsАpp таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бірақ ол үшін, ең алдымен, тұрғындардың технологиялық сауатын арттыру керек, - дейді мамандар.

Ғасыр ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ, IT-МАМАН:

Қауіпсіз жағын бірінші ойлап, одан бөлек кейін осы технологиялық прогрессті ойлау керек.

Жалған хабарлама таратып, сотталғандардың 55 проценті қылмыс жасаған сәтте қатты мас болған. Фейкке жаны құмарлардың 88%-ы жұмыссыз. Ал 2% жуығы – оқушы. «Әзілқойлардың» орташа жасы – 30-49 аралығында.

Бауыржан ПАЗЫЛОВ, ҚР ІІМ ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

ҚР ҚК 273 бабы дайындалып жатқан терроризм актсі туралы көрнеу жалған хабарлама бойынша 5 мың АЕК мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 5 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Әлем елдері де жалған ақпаратпен күресуді жолға қойған. Google фейкті жою үшін 300 млн қаржы бөлген. Facebook те өтірікке жол бергісі келмейді. Германия мен Ресейде арнайы заң бар. Индонезия мен Ұлыбританияда да қисыңға келмейтін хабарлама таратқандарға шара қолданады.