$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырауда дүрбелең: «мектептерге ойран саламыз»,- деген хабарлама шындыққа жанаса ма?

26.01.2024ж. 20:00
973
Атырауда дүрбелең:  «мектептерге ойран саламыз»,- деген хабарлама шындыққа жанаса ма?

Бүгін Атырауда да дүрбелең. Әлеуметтік желіде «4 мектептің оқушыларын қырып саламыз» деген қорқынышты хабарлама мұнда да тарады. Ата-аналар даурығып, балаларын мектепке жіберуден бас тартты. Құқық қорғаушылар ақпараттың жалған екенін түсіндіруде. Дегенмен, қауіпсіздікті күшейтті.

4 мың оқушы білім алатын Әл-Фараби атындағы Бином мектебінің кіре берісінде әдетте мұндай уақытта балалар мен ата-аналардан аяқ алып жүру мүмкін болмайтын. Бүгін тып-тыныш. Есесіне бес қаруы сай жарақтанған күзетшілер тұр.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бұл мектепте түске дейінгі ауысымда екі мың оқушы оқиды. Бүгін соның 324-сі ғана сабаққа келген. Хабарламаны кештеу көрген кейбір ата-аналар сабақтан сұрап алып кетіп жатыр.

Мектеп директорының айтуынша, түнімен ата-аналар чатында түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Фейк хабарламға сенбеуге шақырып, сабақтың штаттық режимде жалғасатынын айтыпты. Дегенмен түске дейін сабақта оқушылардың 15 пайызы ғана отыр.

Өнербек ЕРҒАЛИЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ BINOM SCHOO МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Дегенмен біздің басты пририотіміз балалар қауіпсіздігі. Өзіміздің мектепбіміздің жеке күзет қызметі бар. +Негізі бізде 6 күзетші бір мезгілде қызмет атқарады. Бүгін 10 адам тұр. Одан бөлек полиция департаменті 2 қарулы экипаж автотұрақта күзет жұмыстарын жүргізіп тұр.

Нұрәуле БАҚТИЯРОВА, АТА-АНА:

Өз еркімізбен алып келдік. Кеше көрдік кешкісін жаңалықтардан, телефон арқылы ғой. Инстаграмм арқылы. Бірақ ешқандай қауіпсіздіктен қорықпай алып келдік баламызды. Құдай сақтасын енді. +Жалған ақпарат әрине.

Хабарлама айтылған қаладағы 41 және 38 мектептерде де сабақ әдеттегідей жүріп жатыр,- деді білім басқармасындағылар.

Орынтай БИМАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қала мектептерінің барлығы қазір уақытта полицияның жедел басқару орталығына камералар толықтай қосылған. Оған қоса ішкі бейнебақылау камераларымен толықтай 100 пайыз қамтылған.

Қазір полиция департаменті «Терроризм актісі туралы жалған хабарлау дерегі» бойынша іс қозғады.

Әнуар КОКАЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазіргі таңда құзіретті органдармен бірлесіп, осы ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ерекше назар аударылады.

Елді әбден дүрліктірген хабарлама иесі анықталса, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.