$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырау облысында екі браконьерден ірі көлемде балық тәркіленді

AstanaTV
27.01.2024ж. 11:58
1734
Атырау облысында екі браконьерден ірі көлемде балық тәркіленді

Күдіктілерден 107 келіге жуық қара балық табылды. Бұл туралы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы хабарлады.

Ведомство қызметкерлері браконьерлік фактілердің жолын кесу мақсатында жүргізілген рейд барысында мемлекеттік нөмірі жоқ «Урал» мотоцикліндегі 1986 және 1992 жылы туған екі азаматты тоқтатты. Браконьерлер Құрманғазы ауданы Жарқос деген жерде Шарон өзенінің жағасында ұсталды.

- Мотоциклден көксерке, сазан, ақмарқа, табан, мөңке, қаракөз табылды - қапшықтарға салынған балықтың жалпы салмағы 107,5 келі болды. Балықпен бірге тыйым салынған аулау құралдары: алты дана тор, үш ілмек, сүймен және балта болды, - деп түсіндірді ведомство.

Оқиға орнында Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, тәртіп бұзушылар ұсталған жерде процессуалдық іс-шаралар жүргізді.

Балық ресурстарына келтірілген шығын шамамен 663 мың 287 теңгені құрайды.

Браконьерлік дерегі ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігі, 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.