Relevo басылымының хабарлауынша, «Реал Мадрид» басшылығы «Барселонаға» деген көзқарасын өзгерткен. «Корольдік клуб» енді «Барселонаны» футбол нарығындағы басты қарсыласы деп есептемейді,-деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Соңғы жылдардағы жаңалықтар мен жайттарға байланысты «Реал» клубының директоры Флорентино Перес «каталондықтарды» қазіргі футбол нарығында бәсекеге қабілетсіз деп есептейді. Бұның өз себептері бар. Солардың бірі – қаржылық қиындықтар. «Барселона» соңғы жылдары финанстық проблемаларға тап болды. Қазір олар қалаған ойыншысын қымбат бағада сатып ала алмайды. Relevo басылымының мәліметінше, «Мадрид» трансфер нарығында «Манчестер Ситиді» басты қарсыласы деп есептейді. Себебі, олар ойыншыға жақсы жалақы және амбицияға толы жоспарлар ұсына алады. Оған қоса, «Реал» «Бавария» мен «ПСЖ» клубтарының мүмкіншілігін де ұмытпайды. Қазір корольдік клуб үшін футбол нарығындағы басты қарсыластар жоғарыда аталған үш клуб.
Жоғарыда айтып өттік, «Барселонаның» басты проблемасы – қаржылық қиындықтар. Қазіргі футбол әлемінде сұранысқа ие ойыншылардың бағасы 100 миллион еуродан кем емес. Ал, «каталондықтар» үшін қазір мұндай бағаға ойыншы сатып алу - клубты қарыздарға батырып, одан әрі дағдарысқа ұшыраудың жолы.
Бұдан бөлек, имидж мәселесі бар. «Корольдік клуб» басшылығының ойынша, аты әлемге әйгілі «Барселона» имиджінен айырылды. Себебі, клуб жақында төрешіге пара берді деп үлкен дауға қалды және үлкен қарыздары бар. Сондықтан, футбол әлеміне жаңа аяқ басқан таланттар мансабын жалғастыру үшін «каталондық клубты» таңдамайды.
Жоғарыдағы теорияны растайтын 3 факт. Бұл - «Барселонаның» соңғы трансферлік терезе кезінде қолынан жіберіп алған 3 ойыншы. Алғашқысы – Холланд. Норвег «Дортмундтық Боруссияда» доп теуіп жүрген уақытта «Барселона» өз қатарына Холландты қосқысы келген. Бірақ, шабуылшының таңдауы «Манчестер Сити» болды. Екінші – Эндрик. Бразилиялық жас талантқа тынбай келісім-шарт ұсынған «Барселона» басшылығын оның трансферлік бағасы Жоан Лапортаны райынан қайтарды. Сол секілді Арда Гюлерді де «қызыл-көк» жейдеден көргісі келді. Соңында не болды? Қаражаты жетпеген «Барселона» жолда қалды. Аталған екі жас талантта «Реал Мадридті» таңдады.
Relevo басылымының хабарлауынша, «Реал» басшылығы қазіргі «каталондықтардың» бас бапкері Хавиді білікті маман деп есептемейді. «Мадридтіктердің» мәлімдеуінше, жаңа бапкердің кесірінен «Барселона» бәсекеге қабілетсіз болып қалды. Оған қоса, тартысқа толы эль-классико күннен күнге қызықсыз болып бара жатыр.
Қазір, «корольдік клуб» Испания футбол нарығында «Атлетиконы» басты қарсыласы санайды. «Реал Мадридтің» тарихи бәсекелесі «Атлетико» осы маусымда Анчелоттидің жігіттерін кубок ойындары мен суперкубок кезеңдерінде біраз әбігерге салды. Одан бөлек, Перес үшін «Жирона» жыл жаңалығы емес, Испания біріншілігіндегі чемпиондық атаққа таласатын басты қарсыластардың бірі.
Бірақ, клуб президенті Флорентино басына бәле іздемейді. Сондықтан «Барселонаны» барынша қолдауға тырысады. Перестің мұндай шешімнің де өз себебі бар. Өйткені, «супер лиганың» құрылғанын қалап, қолдау білдіріп отқан клубтардың бірі – «Барселона». Сондықтан, мадридтіктердің жетекшісі екі клуб арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай, «каталондықтардың» президенті Лапортаны қолдауға дайын.
Relevo басылымы басқа еуропалық топ клубтардың «Реал Мадридтің» позициясында екенін атап өтті. Мысалы, «Бавария» клубының басшыларының бірі - Карл-Хайнц Румменигге БАҚ өкілдеріне берген сұхбатта «Барселонаның мұндай жағдайға тап болғанына қатты алаңдайтынын және клубтың тезірек аяққа тұрғанын қалайтынын» айтқан болатын. Бірқатар еуропалық мықты командаларда «Барселонаның» жүріп өткен жолын, футбол үшін алатын орнын және тарихын қатты сыйлайтынын мәлімдеді.
«Реал» Хавидің командасы қаражат көзін тауып, жақсы ойыншылармен толығып, жеңісті жолға қайта ораларына сенім білдіреді. Алайда, Перес қазір «Барселонаны» басты қарсылас деп емес, одақтас клуб ретінде қарастырады.