Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Шаштың 15 сантиметрі 20 мың теңге тұрады

29.01.2024ж. 20:00
508
Шаштың 15 сантиметрі 20 мың теңге тұрады

Бұрын «Шашы ұзын қыз, қандай сұлусыз» деп әндететін едік. Қазір бұрымы бардың байлығы бар дейтін болдық. Тура мағынасында. Өйткені өрімін сатып, пайдаға кенеліп жүргендер көп. Бір сөзбен айтқанда, шаш саудасы қызып тұр. 15 сантиметрі 20 мың теңге. Сапасына қарай теңгесі де көбейеді. Ақша жақсы, әрине. Бірақ олар "шаш қиғаның бақ қиғаның" екенін біле ме? Аружан Задабектің материалы.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Әйелдің көркі болып саналатын шашта кие болатыны бағзыдан айтылады. Бұрынырақта аналарымыз белден асқан шашты кеспейтін. Оны, керісінше, осылай әдемі етіп қос өрім жасап қоятын. Бірақ қазір заман өзгерген. Кез-келген нәрседен пайда табуға болады. Тіпті, шаштан да. Бәрі оңай. Осылай кесесің. Өткізіп, ақшасын аласын.

 «Сенің шашың кімге керек» деп айтуыңыз мүмкін. Бірақ бұрымыңызды қажет ететіндер көп. Оларды алыстан іздеп әуре болмадық. Желіде жарнама өріп жүр. Телефон номеріңізді қалдырсаңыз, өздері хабарласады. Керек десең, үйіңе келіп алып кетеді. Бір ғана шарт – өріміңіз өлі болмауы тиіс.

Шаш – қыздың сәні. Әдептілігі мен тәрбиесінің көрінісі. Сондықтан аналарымыз бұрымға келгенде «бұзықтықты» көтермейтін. Сатпақ түгілі, қайшы тигізсең, қарғыс атады деуші еді. Батырлар жырында кездесетін «Бұрымын бес күн тарап, он күн өрген» деген жолдар қазақ өрімді қалай қадірлегенін дәлелдейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- О дүниеге барсаң да шашың болмаса - ұят, кеудеңнен төмен қарай жауып тұратын шаш қой. Қазақтың ырымдарында шаш қиюға тыйым салынған. Күні бүгінге дейін шашымды қиған жоқпын. Шашымды боятқан жоқпын.
- Алғаннан кейін әр жерде жатады. Ол тапталып қалады ғой. Сосын бас ауырады. Шашты басып кеткеннен кейін не болады?
- Өміріңе әсер етуі тиісті. Потому что өзің де қиюға болмайды. Мен 1-2 рет өзім қиғанмын. Бір жылдай қиналдым.

Кәмилә Омарбекованың бұрымы 160 см-ден асады. Туғалы шашына қайшы тимеген. Ақжаулықты ана «адам қайтыс болғанда оның әуретін бұрым жабады» дейді. Кәмила апаның өрімін қысқартпауына бірден-бір себеп - осы. Бабалар қалыптастырған дала заңында бұдан бөлек те ұстаным көп. Бұрын қыз бала үлкен күнә жасаса, оның бұрымын кескен. Әйел үшін бұл ауыр жазамен, тіпті, өліммен тең болған.

Кәмилә ОМАРБЕКОВА, АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Мен өзім шашымды жинаймын. Жинап-жинап аламын да, қалада өртей алмаймын, жер үйге, ауылға барғанда отқа өртеймін. Маған анам солай айтқан. Лаулатып отқа өртесең,лаулап шашын өсе береді деп. Қиған жағдайда да оны тастап, сатуға болмайды. Ол өте дұрыс емес.

Шашыңды қиғаның – бағыңды қиғаның. Ал, оны сатсаң, бастағы бақты бөліп бергенің. Хош, оны ақшаға айырбастадың делік. Бірақ оның қайда барары, қай жерде тапталып қалары белгісіз. Сорақысы ол адам өміріне әсер етуі мүмкін, - дейді қоғам белсенділері.

Қарлығаш БЕКПАТШАҚЫЗЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Дүние деген ол адамға бітеді. Дүниенің соңынан қумай, дүниемен мақтанбай, білімді, ибалы қыздарымызбен мақтанайық.

Ал шаш саудасына қатысты шариғат үкімі қандай?

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:

Адамның шашы таза саналады. Бірақ оны сатуға, пайдалануға болмайды. Себебі Алла Тағала адам баласын ардақты етіп жаратқан. Ендеше адамның шашын және дене-мүшелерін сату оның қадір-қасиетін төмендеткен, қорлаған болып есептеледі. Шариғатымызда адамды қорлауды білдіретін және денеге зиян келтіретін кез келген іс-әрекетке тыйым салынады.

Қазақ сұлулықты бір өрімге сыйғызып, «қыздың көркі – бұрымы» деп айтқан. Дана халықтың осындай аталы сөздерінен шаштың мәні мен киесін ұғуға болады. Қысқасы,бидайдың басын алсаң, сабан болады, арулар, бұрымды қисаң, жаман болады.