Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Атыраудың «ақ қызы» Астананы таңқалдыруда

AstanaTV
30.01.2024ж. 14:26
2961
Атыраудың «ақ қызы» Астананы таңқалдыруда

Табиғат-ананың өзі оның кірпігі мен қасын және шашын ақшыл түске бояған. Ал, көздері күн сайын түрлі түске енеді. Өзгелерден басқа айырмашылығы жоқ. Біз бұл жолы Атыраудың «ақ қызы» атанып кеткен кішкентай бүлдіршін Наиля Өтепбергенова туралы сөз етпекпіз, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мұндай жандарды ғылымда альбиностар деп атайды. Әлемде олар барлық жерде бар деуге болады. Бірқ, сирек кездеседі. Мәселен, Атырауда дүниеге келген Наилядан басқа «ақ қыз» жоқ. Осы орайда, біз оның анасы Таңсұлу Темірəлиеваны сөзге тартып көрген едік.

«Жүктілік кезінде ешқандай ауытқу болмады. Тек 2018 жылы дүние есігін ашқанда ғана ерекшелігі анықталды. Бұл кезде өзім де қатты таңқалдым. Бір қызығы, қызымның есте сақтау қабілеті жақсы дамыған, әсіресе, өлең жолдарын тез жаттап алады. Әріптер мен сандарды ол ерте танып үлгерді. Өзінің жасына қарамастан 2022 жылы туған інісі Сұлтанға қарайласып, маған қол ұшын созады. Ол өте бауырмал» дейді ол.

Наиляның өзі өскен соң дәрігер болуды армандайды екен. Қазір ол отбасымен бірге Астанада тұрып жатыр. Себебі, Атыраудың климаты болашақта оған қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін айтыпты мамандар. Сөйтсе, альбиностарға күннің көзінде көп жүруге болмайды екен. Яғни, күн көзінен көзілдірік киіп, қолшатыр ұстап қорғануға тура келеді.

Міне, осындай ерекше бүлдіршінге қызығушылық танытып жатқан сән үйлері мен журналдар, тіпті, шет елдерден де шақыртулар түсуде. Бірақ, бір ескеретін жайт, Наиля өз шашын өзгелердің ұстағанын ұнатпайды. Сондықтан мұндай ұсыныстардан бас тартуға мәжбүр.

Айтпақшы, былтыр ол «Қазақстанның ең сұлу қызы» республикалық байқауында топ жарып, жеңімпаз атанған болатын! Бұл конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен үш жасар 8160 үміткер қатысқан. Солардың ішінен суырылып алға шықан Наиля өзінің ақылы мен дарыны, ізгілігі мен ізеттілігі, сұлулығы мен сүйкімділігінің арқасында бірден бірінші орынға ие болыпты.

Анасының айтуынша, Наиля фотоға түскенді және сурет салғанды жаны сүйеді. Би үйірмесіне қатысады. Ол әркез сұлулық пен әдемілікке құмар. Сондай-ақ, өте пысық, әрі алғыр. Екі тілде еркін сөйлейді.