Қарулы күштерден 3 жылда 17 мыңнан астам адам кетіп қалған. Оның 4 мыңнан астамы-офицер. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдиновтің айтуынша, қазіргі кезде армияны әскери қызметкерлермен жасақтау шарасы кәсіби даярланған кадрлардың орнын тиісті деңгейде толтыра алмай отыр. Себебі салада проблема көп. Соның бірі -жалақының төмендігі, дейді вице-министр.
Сұлтан ҚАМАЛЕТДИНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ – ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ БАС ШТАБЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Салада проблема баршылық. Олар шұғыл әрі нақты келісілген шараларды талап етеді. Бұл ретте, депутаттардың қолдауына үміт артамыз. Әскери қызметкерлердің әскерден кетуі үрдісі байқалып отыр. Жыл сайын әскер қатарынан кетіп жатқандар саны азаймай жатыр. Тек 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы Күштер қатарынан 17 065 әскери қызметші босатылды. Бұл шамамен 15 механикаландырылған бригаданың санына тең.