Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Марқұмдар төрт жасар немересін денелерімен жауып құтқарып қалды

30.01.2024ж. 20:00
678
Марқұмдар төрт жасар немересін денелерімен жауып құтқарып қалды

Қарағанды облысы Ботақара кентінде газ баллоны жарылып, ерлі зайыптылар қаза тапты. Марқұмдар төрт жасар немересін денелерімен жауып құтқарып қалды. Қайғылы оқиғаға пәтерді жөндеуге барғандар кінәлі болуы мүмкін. Олар салқын жерден 27 литрлік пропан газын үйге кіргізген деген болжам бар. Ботақара кентінде төтенше жағдай жарияланды.

Газ баллоны өткен түні 12-ден өте Ботақара кентіндегі мына үйдің екінші қабатында жарылған. Ол кезде үйде 35 адам болған. 27 литрлік пропан газының толқыны үйді қақ жарған. Салдарынан 5 адам жарақаттанып, екі адам қайтыс болды.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

«Газ баллоны екінші қабатта жарылғанымен әсіресе бірінші қабаттағы пәтер қатты қираған. Мұнда 50 жастағы ерлі- зайыптылар қаза тапты. Олардың 4 жастағы немересі ғана аман қалған. Тұрғындардың айтуынша, баланы атасы мен әжесі баланы денелерімен жауып құтқарып қалған».

Баланың да жағдайы ауыр. Жалғыз құда- құдағиынан айырылған нағашы әжесі құтқарушыларды қажетті құралсыз келді,- деп өкпесін білдірді. Айтуынша қайтыс болған ерлі- зайыптылар ұзақ уақыт көмек күткен.

Баян КӨБЕНТАЕВА, ТҰРҒЫН:

Олар алдында тірі жатты.Көмек сұрады,дыбыстары шығып жатты олардың. Енді 5 сағаттан кейін алып шықты, ойлаңызшы 5 сағаттан кейін не қалады ана жерде? Охлаждение, көкпең- көк"».

Төтенше жағдай департаментінің басшылығы құтқару жұмыстарының оңайға соқпағанын растады. Бірақ техника жеткілікті болды,- дейді.

Аманбек БЕЙСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Газдың шығуынан газовоздушная смесь дейді ғой, хлопок взрыв болған. Біздің қаладан бір техника, осы жергілікті жерден бір техника жұмыс жасады. Краннан бөлек тағы 3 экскаватор осында жұмыс жасады. Адамдардың бәрі құлаған плиталардың астында қалып кеткен. Оны шығару ол әншейін кішкене зат емес қой. Оны құтқарушылар арнайы құралдардың, домкраттардың көмегімен көтеру арқылы кранның көмегімен көтеріп адамдарды аман- есен алып шықты ».

Тағы екі бала жеңіл жарақатпен үйлеріне жіберілген. Жарылыстан ең қатты күйген 34 және 36 жастағы Өзбекстан азаматтары екен. Тұрғындардың айтуынша, олар пәтер жөндеуге барған. Жапа шеккендер суық жерде тұрған 27 литрлік пропан газын ыстық жерге қойды, деген болжам бар.

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

«Екі ересек науқас Бұқар жырау аудандық ауруханасында стационарлық ем алуда. Олардың ең көп зардап шеккені 80 пайыз күйік алды, жағдайы өте ауыр. Екінші науқас 26 пайыз күйік алды. Бірақ жағдайы тұрақты.

Қазіргі таңда 12 отбасы далада қалды. Ботақара кентінде жарылыстан зардап шеккендерге келтірілген залалды бағалау жөнінде арнайы комиссия құрылды. Әкімдік тұрғындарға көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Абылай СҰЛТАНҒАЛИ, БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Қазіргі таңда біз ол кісілерге жалдамалы үйлерді шешіп береміз. арықарай үйдің мәселесін толығымен шешетін боламыз. Ол қазір жаңадан үй салынады, басқа жағы болады оны қазір шешеміз. Біріншіден мына үйді тиісті мамандары сараптамалық жұмыстарын жүргізу керек».

Бүгін Ботақарада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар әзір туыстарының үйін паналады. Оқиға орнында полиция тергеп тексеруді бастап кетті. Нақты шешім тиісті сараптамалар аяқталған соң қабылданады.