$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Астаналық зейнеткер қыстың қара суығында далада қалуы мүмкін

31.01.2024ж. 20:00
798
Астаналық зейнеткер қыстың қара суығында далада қалуы мүмкін

Астаналық зейнеткер қыстың қара суығында далада қалуы мүмкін. 70 жастағы Валентина Старчук туыстарым үйімнен қуып жатыр деп арнамызға хабарласты. Айтуынша, анасынан мұраға қалған пәтерде 23 жыл бойы жалғыз тұрған. Енді туған қызы мен жиені тез арада баспананы босатуын талап етіп отырған көрінеді. Шықпаған соң, сотқа беріпті. Мәселенің мән-жайымен тілшіміз танысты.

Валентина Старчук мына жасқа келгенде қайда барарын білмей отыр. Қызы мен немересі жүктерін жинап қойыпты. Үйдің тіркеуінен шығарып та жіберген. Ал зейнеткер "бұл үй анамнан қалған" дейді. Тек қағаз жүзінде оған тиісілі емес. Өйткені анасы қайтыс боларда қызы Александра Булахтың атына жаз деп өзі рұқсат беріпті. Туған баласы қартайғанда тентіретіп жібереді деп ойламаса керек.

Валентина СТАРЧУК, ЗЕЙНЕТКЕР:

2001 жылы анам қайтыс боларда мен Қырғызстанда жүрдім. Үйді атыма аударайын дегенде құжаттарымды жіберетін мүмкіндік болмады. Сондықтан қызымның атына жаза бер дедім. Осы пәтерге көшіп келгенімде, анамның 3 жыл бойы коммуналдық төлемдерді өтемегені белгілі болды. Соның бәрін өзім жаптым. Жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Бәрін дәлелдейтін құжаттарым түгел.

Айтуынша, балаларымен бұған дейін араздаспаған. Тек 5 қаңтарда жиені Анастасия Булах қарт әжесін балағаттап, аузына келгенін айтып кеткен. Қызы да мән-жайды түсіндіруден бас тартқан. Көршісі Нина Кузмина болған жайтты естіп, жағасын ұстап отыр.

Нина КУЗМИНА, КӨРШІСІ:

Жүрегі ауыратын қарт адамды неге аямайды? Мен бұл әрекеттерін түсіне алар емеспін. Бала-шағасын өсіріп, балабақшаға, сабаққа апарып көмектесті. Енді қартайғанда керек болмағаны ма?

Зейнеткер үйге ресми иелік етуге таласып отырған жоқ. Тек су ішерім таусылғанша, ұрпақтарым күте тұрса нетер еді, - деп ренжиді. Ал туған қызы мен жиеніне хабарластық, бірақ олар бұл іске қатысты пікір білдіруден бас тартты. Тек сотта кездесеміз деді. Сот 7 ақпанда өтеді.