$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жамбылда жол апатынан жарақат алған 4 адам жансақтау бөлімінде жатыр

31.01.2024ж. 20:00
741
Жамбылда жол апатынан жарақат алған 4 адам жансақтау бөлімінде жатыр

Жамбыл облысында бір мезетте 26 көлік соқтығысты. Абырой болғанда адам аман. Көлікке қысылып қалған, жарақат алғандарға дер кезінде көмек көрсетілді. Қазір 26 адам ауруханада ем алуда. Алпысқа жуығы жақын маңайдағы жылыту бекеттеріне жеткізілді. Ауа райы күрт өзгерген өңірден оқиғаны тілшіміз баяндайды.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Төтеншеліктер ауа райы құбылып, тұман болатынын ескертті. Бірақ елегендер аз болды. "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" күре жолдың 567-шақырымында 26 көлік соқтығысты. Оның төртеуі жолаушы тасымалдайтын автобус, тағы төртеуі жүк көлігі. Көлікте қысылып қалғандарға құтқарушылар көмек көрсетті. Дене жарақатын алғандар ауруханаға жеткізілді.

Толқын ӨМІРБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жол көлік апатынан барлығы 26 адам медициналық көмекке жүгінді. Олардың ішінде төртеуі жансақтау бөлімінде. Жағдайлары орташа ауыр деңгейде. Тағы төртеуі хирургия бөлімшесінде. Он сегізі әр түрлі тізе, қол, аяқ, кеуде қабырғалары сынған. Әр түрлі көгерген түрлі жарақаттар алған. Барлығыны тиісті медициналық көмек көрсетілді.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Оқиға орнында санитарлық авиация арқылы да мамандар тиісті медициналық көмек көрсетті. Себебі, жолдың екі беті де жабық. Күре жолда ұзын сонар кептеліс пайда болған. Аймақтағы техникалардың барлығы жұмылдырылды. Жолда қалып қойғандарға құтқару қызметі жәрдемдесті.

Руслан ОРЫНБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Нұрлы кент ауылдық округіндегі мәдениет үйінде 54 адам оның 9 бала жылыту пункіне жеткізілді. Зардап шеккен адамдарға жылы тамақ және төсек орнымен қамтамасыз етілді. Жеті бірлік техникамен 27 адам, полиция департаментінен 10 техника 20 адам, қазавтожол мекемесінен 3 техника мен 3 адам жұмылдырылды.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасап, оқиғаның мән-жайын анықтауда. Сала мамандары ауа райынан бөлек, жүргізушілердің жылдамдықты асыруы, ара қашықтықты сақтамауы, жазғы шиналармен жүруі де себеп болуы мүмкін дейді.