$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Петропавлда бір күнде екі адам антибиотиктен өліп кете жаздады

AstanaTV
31.01.2024ж. 23:32
1309
Петропавлда бір күнде екі адам антибиотиктен өліп кете жаздады

Петропавлда антибиотик екпесін салдырған екі адамда анафилактикалық шок болып, жедел медициналық жәрдем қызметкерлері оларды өлімнен құтқарып қалды, деп жазды KAZINFORM.

Екі оқиға да 29 қаңтарда болған.

СҚО Жедел медициналық көмек көрсету орталығының мәліметінше, бірінші жағдайда орталыққа түске таман телефон қоңырауы түсіп, 14 жастағы жасөспірімнің ес-түссіз жатқандығы айтылған. Оқиға орнына келген мамандар баланың қан қысымын өлшегенде 60/40 мм болған.

Бала Цефтриаксон препаратын алғаннан кейін 15 минуттан соң өңі бозарып, суық тер шығып, қан қысымы күрт төмендеген. Салдарынан есін жоғалтқан.

Оған шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді.

Сол күні сағат 23.00 шамасында «103» пультіне 40 жастағы әйелдің ес-түссіз жатқандығы туралы хабар түседі.

Фельдшерлер келгенде науқастың жағдайы өте ауыр болған, оның естуі нашарлап, қан қысымы 20/0 мм дейін түсіп кеткен.

Бұл жолы да сырқат Цефтриаксон препаратын қойдырып, 15 минут ішінде аллергиялық реакция берген. Мамандардың көмегінен кейін әйел есін жинап, стационарға жатқызылды.

Дәрігерлердің айтуынша, антибиотиктерді енгізбес бұрын оны аллергиялық реакцияға тексеру қажет. Әсіресе Covid 19 пандемиясы кезінде кеңінен қолданылған цефалоспориндер тобының антибиотиктерін (ЦЕФ 3, Цефтриаксон, Цефазолин және басқалар) қолданған кезде аса абай болған жөн.