$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жыл басынан бері қандай заңдар қабылданды?

AstanaTV
30.12.2016ж. 20:00
2429
Жыл басынан бері қандай заңдар қабылданды?

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Президент рақымшылық жасалатынын айтып, заңға жариялы түрде қол қойды. Бұл осымен 8-ші рет жасалып отыр. 28 мың адам бостандыққа шығуы мүмкін. Оның тек бір жарым мыңы ғана абақтыдан босатылатындар екен. Жыл басынан бері тағы қандай заңдар қабылданып еді? Тілшіміз Айбек Қосан биыл қаралып, келер жылы күшіне енетін құжаттарды саралап көрді.

Соның ішінде ел арасында дау тудырған Жер кодексі де бар. Үкіметтің үлкен жиыны болып, екі министр қызметінен кеткен еді. Тіпті жаңадан Ақпарат және коммуникация министрлігі құрылды. Дегенмен, президент бұл дауды шеше білді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті (05.05.2016 ж.):

Надо было донести до населения, что ни о какой продаже нашей земли, тем более сельскохозяйственной, речи не идёт. То есть до соответствующих адресных групп мы не довели эту суть. Механизмы и нормы принятого закона не были должным образом широко обсуждены с привлечением общественности. И тревоги, и заботы людей во многом оправданы.

Халықтың талқысына түскен құжатқа жақында президент қол қойды. Бірақ заңның кейбір нормаларына енгізілген мораторий 2021 жылға дейін созылды. Яғни белгіленген уақытқа дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жалдау шарттарымен шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдіктер қатысатын заңды тұлғаларға; мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне меншік құқығы берілмейтін болды.

Президент терроризм мен экстермизмге қатысты өзгерістер енген құжатқа да қол қойды. Мұндағы толықтырулар ел ішіне іріткі салмақ болғандарды тиып, жүгенсіз кеткендерді ауыздықтауды көздейді. Нақтырақ айтсақ, енді қару сату мен оны сақтау талабы күшейеді. Қару сататын дүкендердегі қауіпсіздік те қатаңдатылды. 

Талқылаудан өтіп, таразыға салынған тағы бір заңнама салық саясаты мен салық-кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған. Мұндағы өзгертулер алдымен бизнесті қолдайды,- дейді Ұлттық экономика минитрлігіндегі құжатты жасаушылар. Акциздердің де бағасы баппен көтерілмек. Жалпыға бірдей декларация тапсырылу да уақытша кейінге шегерілді.

Жер қойнауын игеруге қатысты заңға да өзгерістер енбек. Қазба байлықтар өндіретін жекеменшік кен орындары бұдан былай мемлекеттің келісімінсіз сатылмайды. Жалға да берілмейді. Тиісті заң жобасы парламенттің қарауына жіберілген.

Жыл соңында Ішкі істер министрі де ұсыныс енгізді. Оны заң шығарушы органдар да мақұлдап отыр. Ол - саусақ іздерін төлқұжатқа енгізу. Заң "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу" деп аталады. Тіпті қазақстандықтар ғана емес, елге келген шетелдіктер де виза алу кезінде саусақ іздерін тапсыруы тиіс. Ең алдымен қылмысты жылдам анықтауға мүмкіндік бермек.  Бірақ ол 2021 жылдан бастап қолға алынады.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Аталған заң жобасын іске асырудың шығыны мол және техникалық тұрғыдан қиын. Қажетті құралдар алу мен бағдарламалық жүйелерді қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 36,8 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. 

Айбек Қосан, тілші:

Ал биылғы жылдың қаңтарында күшіне енген жол жүру ережесі туралы заң өз нәтижесін бере бастады дейді мамандар. Заңға көліктің шамын күндізгі уақытта да жағып жүру, 12 жасқа дейінгі балаларды көлікте арнайы орындықпен тасымалдау да енгізілген еді. Соңғы 11 айда жол апаты 66,7 пайызға қысқарған. Көлікте балаларға арнайы орындық қою міндеттелген соң, жарақат алу көрсеткіші де 17,2 пайызға төмендеген.

Айбек ҚОСАН