Жамбыл облысында мас күйінде екінші рет көлік жүргізіп ұсталған жігіт тұтқындалды.
Меркі ауылындағы Исмаилов көшесінің бойында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін полиция қызметкерлері "BMW-520" маркалы автокөлігін тоқтатқан. Жүргізушімен сөйлескен кезде полиция қызметкерлері жүргізушінің мас күйінде болғанын байқаған. 30 жастағы ер адам медициналық куәландыруға жеткізілді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, ол көлікті жеңіл дәрежелі мас күйінде басқарған.
«Полицейлер жүргізушіге қатысты 2022 жылғы ақпанда Меркі ауданының әкімшілік сотымен оның көлікті басқару құқығынан 7 жылға айырылғанын анықтады. Осы дерек бойынша бұл азаматтың көлік құралын басқарғаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынып, оның автокөлігі арнайы тұраққа қойылды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері Жамбыл облысында 53 жүргізуші мас күйінде көлікті тізгіндегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті тұрғындардан белсенді азаматтық ұстаным танытып, жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты, әсіресе мас жүргізушілер туралы "102" пультіне хабарлауды сұрайды.