Ал Астанада кеміргіш қаптады. Жыл басынан бері 10-нан астам шағым түскен. Қала тұрғындары супермаркет пен қоқыс контейнерлерінің маңында өріп жүрген тышқандарды көріп бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жарыса салып жатыр. Кеміргіштер адамнан да қаймықпайтын көрінеді.
Қаланың қақ ортасындағы бұл көпқабатты үйде тышқан көп. Тұрғындар осылай дейді. Әсіресе қыста қаптап кететінін айтады. Кеміргіштердің пайда болуы бірінші қабаттағы дүкен-асханалардың қоймаларынан деп күдіктенеді.
Дарина, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біздің тұрғын үйімізде тышқан көп. Көршілер де жиі шағымданады. Тіпті, 7ші қабатта да жүреді. Біз үйге жабыстырғыш қағаздарды қою арқылы құтылдық. Тышқаннан бөлек біздің үйде кәрізден ұсақ қоңыздар да ұшады. Одан қалай құтыларымызды білмей жүрміз. Үйге дезинфекция жасайық десек, бір тұрғын келіссе, бірі келіспейді. Басқа не істерімізді білмейміз...
Мамандар үйде кеміргіштер пайда болған жағдайда, оларды өз бетінше аулауға тырыспай, мейлінше дезинфекция мамандарын шақыруға кеңес береді. Себебі, тұзақ құру арқылы құтыламын десеңіз қателесесіз, керісінше олар сол мекеніне араға уақыт салып қайта келеді.
Айбарша ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Астындағы подвал жертөле болса, магазин болып тұр ғой, соларға бірінші өңдеу жұмыстарын жасау керек. Қала тұрғындары үйлеріне жөндеу жұмыстарынан кейін құбырларды дұрыс жаппауына байланысты тышқандар, кеміргіштер келді деп жатады. Сондықтан бірінші кезекте тамақ өнімдерін өте жоғары немесе тышқандарға, егеуқұйрықтарға қолжетімсіз жерге қою керек. Құбырлардағы кіргізген жерге, тесіктерге дұрыстап жұмыстар жүргізу керек болады.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жыл басынан бері 10-нан астам шағым түскен. Былтыр 50-ден асқан. 2022-ші жылы 76 тұрғын үйде тышқан бар деп арызданды. Бұл -ресми ақпарат. Ал дезинфекциялық компаниялар күніне кем дегенде 15-20 шақыртуға барамыз дейді.
Сырым БЕКМАҒАНБЕТ, ДЕРАТИЗАЦИЯ-ДЕЗИНФЕКЦИЯ БОЙЫНША ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ДИРЕКТОРЫ:
Проводкаларды кеміреді де, сосын замыкание болады, өрт болады.Мәселе - адамдарға зиян тигізбеу, мәселе - қоршаған ортаға зиян келтірмеу. Біздің уларды жеген кеміргіштер тышқан, егеуқұйрық болсын. Егер оларды басқа мысық, жыртқыш құстар жесе, одан уланбайды.
Кеміргіштер иістің қайдан шығып жатқанын 50 миллисекунд ішінде білетін көрінеді. Және 12 апта ішінде 100-ге дейін балалайды. Ең қорқыныштысы, тышқандар әр 15 минут сайын кіші дәрет сындырады. Ал ол ауаға у боп таралады дейді мамандар. Қоршаған ортаға зияны шаш-етектен.
Тимур МЭЛСҰЛЫ, ЭКОЛОГ:
Тұрмыстық қалдықтар тұрғын үй кешеніне жақын жерге лақтырылады. Сәйкесінше кеміргіштер сол жерлерде тарала бастайды. Ал оларды уақытылы тазалап жатқан ешкім жоқ. Қазір қыс болғандықтан тышқандар тұрғын үйдің лифт шахталарын, кәріздерді және қабырғадағы тесіктерде мекендейді.
Кеміргіштерден біржола құтылу мүмкін емес дейді, экологтар. Себебі, олар да -табиғаттың бір бөлігі. Тек ұдайы тазалық арқылы сақтануға болады.