$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Ауыл ішінде шибөрі емін-еркін жүр ",-тұрғын

06.02.2024ж. 20:00
1120
"Ауыл ішінде шибөрі емін-еркін жүр ",-тұрғын

Түркістан облысында түз тағысы тұрғындардың төрт түлігін қоймай барады. Сырдарияның бойын жағалай жайғасқан Отырар ауданының жұрты қорқау қасқырлардың көзін жоймаса тігерге тұяқ қалмай ма деп алаңдап отыр. Айтуларынша, тоғайда бөрілер соңғы екі жылдан бері көбейіп кеткен. Шибөрі ауыл ішінде емін-еркін жүреді дейді. Көшеге жалғыз шығудан қалдық деп шағымданады.

Талапты ауылының тұрғыны Сейілхан Ерназаров үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр өргізген заман келмеске кете ме деп қамығады. Осы уақытта жайылып қырда жүретін жылқы қазір қорада қамауда тұр. Қолдағы жем-шөпке қарап қалды. Ит-құстан қорудың басқа амалы болмай тұр дейді шаруа.

Сейілхан ЕРНАЗАРОВ, ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Екі күн бұрын екеуін бірден жеп кетті. Прям қорамыздың алдынан кеп жеп кетіп жатыр. Тура үйдің алдында, 20-30 метр жерде жеп кетті. Енді малшымыз тіпті сыртқа шығуға да қорқып жатыр қазір. +бір үйірде 10-15 жылқы ғой, содан мысалы 2-3 қана алып жатыр төлін құлды, қалғанын жеп қойып жатыр

Әсілхан ҚАНЫБЕКОВ, ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Биылдың өзінде 15 бұзауымды жеп қойды. Өрістен жеп жатыр. Бізде өріске азанда шығарамыз. Кешке әкелеміз. Қалып кетеді, жеп қояды. Күндіздің өзінде де жеп қойып жатыр. Бізде тоғай қалың. +бөрі кеп жегеннен кейін артынан шакал келеді да, шакал ол несі қалмайды ешнәрсе, өлігін таппай қаласыз.

Қасқырлар соңғы уақытта малшы ауылы тұрмақ, ауылдың іргесіне де сескенбей келетін болған. Қыс түскелі тіпті мал қоймай барады. Тұрғындар қасқырды өз бетінше атуға рұқсатымыз да, мылтығымыз да жоқ дейді.

Әбілхан ӘБИЕВ, ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Рұқсат берсе атуға, жоғары жақтан көмек берсе. Осыны атып үркітіп жоғары жақтан көмектесіп неғылса осы бөрі қасқырды елдің көнкөрісіне малына тыныштық болар еді.

Әділхан МЫРЗАБАЙ, ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Оқушылар мектепке шығуға да қорқып жатыр. Ата-аналары шығарып салып, күтіп алады алдынан. Бұрын иттен неғылатын едіғ қазір енді шиебөрі деген ауылға кіріп кетті.

Ал жергілікті билік жағдайдан хабардан болғанмен қауқарсыз. Жеті ауылдық округте мәселе күрделі. Қазір қасқырға жем болған түліктің саны алынуда. Жергілікті әкімдіктің есебінше, қазірдің өзінде 100 шақты мал ит-құсқа жем болған.

Ержан ОРАЛБАЙ, ОТЫРАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жергілікті жердің құзырына кірмейді. Сондықтан облыстық атқарушы органдар бар, тікелей осымен айналысатын. Сол кісілермен тікелей біз байланыста жұмыс жасап жатырмыз.

Әкім орынбасарының сөзінше, қасқыр мен шибөріні атуға құзыретті мекемелер қарап отырмаған сыңайлы. Алдағы аптада 800 шибөрі мен 400-дей қасқырды атады деген жоспар бар көрінеді.