Әлемде әр 2 минут сайын бір бала сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ал Қазақстанда 2022 жылы 430 бала педофилдердің құрбаны болды. Бұл – қоғамдық трагедия. Қайғылы оқиғаға тап болған әр баланың жүрегінде жазылмас жара қалады. Жаһандық маштабтағы бұл мәселемен әлем елдері қалай күреседі? Қазақстан қатыгез қылмыскерлерге қандай жаза түрін тағайындамақ? Айсәуле Съезбек айтсын.
Балалардың қорғансыздығын пайдаланып, сексуалды зорлық көрсеткендерге Чехия мен Германияда хирургиялық кастрация белгіленген. Ал Еуропаның бірқатар елінде тек химиялық кастрация жасалады. Яғни, дәрі-дәрмек егіп, жыныстық гормондарын тежейді. Біздің қолданыстағы заң да қылмыскерлерді осы әдіспен жазалауға мүмкіндік береді. Мәжіліс ұсынған заң жобасында өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Біз фракция атынан хирургиялық кастрация енгізу туралы ұсыныс бергенбіз. Үкімет құлықсыздық танытып, қабылдамады. Олар бұны адам құқығы жайлы конвенцияға қайшы дейді. Біріншіден, бұл нақты аргумент емес. Көптеген Еуропа елдерінде хирургиялық кастрация бар. Барлық педофилдерге бұны қолдансын демейміз. Біз сотқа таңдау беріміз керек. Егер педофилия аса ауыр қатыгездікпен жасалса, осы кастрация түрі қолданылуы керек.
Ал Қытай, Индонезия, Оңтүстік Корея мен Ислам мемлекеттерінде педофил өлім жазасына кесіледі. Ал Африка елдерінде қылмыскерді көпшіліктің көзінше асады немесе атады. Бұны тіпті тікелей эфирде көрсетеді. Әлем елдерінде түрлі жаза тағайындалғанмен, бұл дертке түбегейлі дауа табылмай келеді. Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, педофилдердің 90 проценті баланы танитын ортадан шығады. Сондықтан ата-аналар балаларды қараусыз қалдырмауы керек, - дейді.
ЕРЖАН МЫРЗАБАЕВ, ПСИХОЛОГ:
Балаларға жыныстық тәрбиені үйретуіміз керек. Сенің денеңе, саған сенің рұқсатыңсыз ешкім қол тигізе алмайды. Ешкім деген кезде ата-ана да соның ішінде. Біреу тисе беретін болса, ұстайтын болса, қол тигізетін болса, бала дереу реакция көрсете алатын болуы керек. Мысалы, қалайша баланың ойыншығын біреу алғанда реакция көрсетеді. Өйткені үйретілген, бұл сенің ойыншығың деп. Ал баланың денесіне бір ойыншық секілді қадір-қасиет бермейміз.
Қазір баланы көрші-қолаңға, алыс-жақын ағайынға аманаттап кететін заман емес. Тар үйіңе қонақ келсе, балалардың ортасына жатқыза салуды доғару керек. Жеке шекараны қорғап үйренетін кез келді, -дейді психолог.