Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Ақтөбе облысында қатты боранның кесірінен бес мыңға жуық тұрғын жарықсыз отыр

07.02.2024ж. 20:00
355
Ақтөбе облысында қатты боранның кесірінен бес мыңға жуық тұрғын жарықсыз отыр

Ақтөбе облысында ақтүтек боран. Барлық бағытқа жол жабылды. Қала іргесіндегі елдімекендермен де қатынас жоқ. Үйден шыққан жанды ұшырып әкететіндей желдің екпіні қатты. Қаланың өзінде үш мыңға жуық тұрғын жарықсыз, кейбірі ауыз сусыз отыр. 

Облыс бойынша мектептер мен мешіттерде 100-ден астам жылыту бекеті, арнайы штабтар жұмыс істеп тұр. Бір түнде 140 адам эвакуацияланып, 5 адам құтқарылған. Олардың арасында 56 өзбек азаматы бар. Мұғалжар ауданында бүгін таңертең жұмысқа бара жатып адасып кеткен ер адам әрең дегенде табылды.

Жетінші ақпан күні таңертең түнгі сменді алмастырамын деп Гелиос заправкасына кетіп бара жатып, ориентир жоғалтып алдымда бораннан адасып кеттім. Содан балдар тауып алды.

Қаланың өзінде қатынас қиындады. Бүгін барлық мектептер қашықтықтан оқытуға көшті. Бірнеше көпқабатты үйдің шатырын жел ұшырып әкеткен. Аяқ басар жол көрінбейді. Өңірде бес мыңға жуық тұрғын жарықсыз отыр. Кейбірі жарық болмаған соң жылусыз, ауыз сусыз қалған.

Гүлжамал ЖЫЛКЕЛДИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Түннен бері Кирпичныйда жоқ. Үйіміз мұздап кетті. Кішкентай балаларымыз бар үйде. Сонымен отармыз. Қиын болып тұр. Звондасақ кезек күтесің дейді.

Арнайы қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Асқар БЕКТҰРҒАНОВ, «ЭНЕРГОСИСТЕМА» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:

Қатты желдің әсерінен проводтар ойнап бір-біріне тиеді. Содан сөнеді. Оңтүстік батыстан соққан жел бізге кері әсер береді. Үзіліп, құлаған ештеңе жоқ. Жел басылғанда біздер қайта қосып, істеп жатырмыз. Мына қала ішінде талдар құлап бізге кері әсерін тигізіп жатыр.

Боранға байланысты әуе рейстері кейінге шегерілді. Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін 10 рейс ұшып-қонуы тиіс болатын. Бәрі уақытша тоқтады.

Бақыт ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қазгидромед мамандарының айтуынша, бұл -Ақтөбеде бұрын-соңды болмаған Солтүстік атлантикалық циклон. Желдің жылдамдығы қазір 27-30 метр секундқа дейін жетті. Ақтүтек боран тағы екі күнге созылады дейді.\