$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қоныс аудару қажет пе? Майқайыңдағы «Шанхай» ауданының мәселесін комиссия тексереді

AstanaTV
07.02.2024ж. 22:27
1449
Қоныс аудару қажет пе? Майқайыңдағы «Шанхай» ауданының мәселесін комиссия тексереді

Аталған ауданның тұрғындары үйлерімен қоса жер астына түсіп кетуден қорқып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жергілікті тұрғындардың баспаналары автобус құлаған ойықтан небәрі 300-400 метр жерде орналасқан.

«Шанхай» ауданының тұрғындары көтерген мәселені арнайы комиссия тексеретін болды. Комиссия аумақта тұрып жатқан халықтың қауіпсіздігін зерделеп, өзге жерге қоныс аударудың қажеттілігін анықтайды. Оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар қатысады деп күтілуде.

Бұл туралы Павлодар облысының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс жөніндегі басқарма басшысы Қанат Кәрімов «Шанхай» ауданы тұрғындарының сауалына жолдаған жауап хатында мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта «Майқайыңалтын» АҚ тау-кен телімінің ауданындағы опырылған жерде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Іздеу жұмыстарына 144 адам және 42 техника жұмылдырылды. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін барлық мүдделі мемлекеттік органдар кіретін арнайы комиссия құрылатын болады. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша халық қауіпсіздігінің санитарлық аймағының мәселелері және олардың одан әрі қоныс аудару қажеттілігі, сондай-ақ басқа да әлеуметтік мәселелер зерделенетін болады», – делінген жауапта.

Ендігі кезекте «Шанхай» жұртының мәселесі Мәжіліске жетті. «Amanat» фракциясының бір топ депутаты атынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, халық қалаулылары шахта маңында орналасқан, апаттық жағдайда тұрған үйлердің жағдайын Үкімет органдарынан назарға алуды сұраған.

Еске сала кетейік, Майқайың кенішінде жұмыстар қайта жанданды. Тау-кен жұмыстары тәулік бойы жүргізілетін болады. Шұңқырдың айналасы арнайы үйінділермен қоршалып, тау-кен-инженерлік жұмыстарды жүргізу жобасын дайындау бойынша бірқатар істер атқарылды. Ауыр техниканың көмегімен бүйірлік траншеялар кеңейтіліп, аппарель ойықтың түбіне дейін тереңдей түседі.