Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Уақытша тіркеу туралы заң ел ішінде түсінбеушілік туғызуда

AstanaTV
06.01.2017ж. 20:00
3556
Уақытша тіркеу туралы заң ел ішінде түсінбеушілік туғызуда

Халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңа қабылданған заңды орындау мақсатында келген адамдардың көптігінен қызмет көрсетіп үлгермей жатыр. Ол аздай, кенеттен қабылданған заңның бүге-шүгесін қарапайым халық түгілі, қызмет көрсетуші мамандар да білмей жатқан көрінеді. Жалпы тұрақты тіркеу мен уақытша тіркеудің айырмасы неде және қандай жағдайда қанша мөлшерде айыппұл төленуі мүмкін? Бұл тақырыпты әріптесім Дәуренбек Бағдәулетұлы зерттеп көрген еді.

О баста «экстремизм мен терроризмге» қарсы бағытталып қабылданған заң жобасынан соң қазақстандықтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына қарай ағылуда. Не бары 15-20 минутта бітеді деп уәде етілген жұмыс сағаттарға созылып жатыр, - дейді кезекте сабылғандар. Соның бірі кәсіпкер Рашат Каримов үйін жалдап тұратындарды уақытша тіркеуге тұрғызбақ.

Рашат Каримов, жеке кәсіпкер:

10 минут түгілі, 10 сағатта бітсе жарайды, деп отырмын. Бітетін түрі жоқ. Бір ақ терезе жұмыс істеп тұр. Заң бойынша, кім қайда тұрса, сонда тіркелу керек деген. Мұнда келсек, Астананың тіркеуі болса, керек емес, дейді. Өздері түсіндіріп бере алмай жатыр.

Алмагүл Есжанова, Астана қаласының тұрғыны:

Қазір мүлде кезек қозғалмайды. Ана жерге барсаң, біз білмейміз, бастықтарға барыңдар дейді. Осындай жауабы.

Мұндай заң Еуропаның көптеген елдерінде бар. Онда сіз тұрғылықты жеріңізден басқа елді мекенге, немесе сол тұрған үйіңізден басқа үйге ауысып, тіпті қонақ үй, мейлі, емделуге ауруханаға жатсаңыз да, онда 1 ай көлемінде тұрсаңыз, сол жердің ХҚКО да уақытша тіркеуге тұруға міндеттісіз. Мұнда негізгі тұрғылықты мекен жайыңыз өзгеріссіз қалады. Олай болмаған жағдайда, 7 АЕК, яғни 16 мың теңге көлемінде айыппұлға ұшырайсыз.  Алайда, көші-қондағылар ешкімнің ізіне шам алып түспейміз, заң бұзғандар шағымдар арқылы анықталады деп отыр.

Серік Саинов, ҚР ІІМ көші-қон полициясы департаментінің басшысы:

Мысалға, көршісі шағымданды делік. Көрші үйге белгісіз біреулер көшіп келді десе, біздің учаскелік инспектор тексереді. Егер тұрғын есік ашпаса, үй иесін шақырып, тексереміз. Жәйдан-жәй ешкімде келіп есігіңізді қағып, тіркеуіңізді көрсетіңіз демейді. Тікелей шағымдар болған кезде тексереміз.

Ал ХҚК департаментіндегілер орталықтарда адам қарасы көбейсе, сақадай сай отырмыз, дейді. Еліміздегі барлық 272 ХҚКО қатаң бақылауда.

Дәулет Бекманов, Халыққа қызмет көрсету департаменті басшысының орынбасары:

Мысалы, адам көп келіп кетсе қазір, онда облыстағы бөлім басшыларына звондап, олар содан орын беріп, қосымша адамдарды қосады. Егер ол жақта ІІМ немес басқа орган мамандары тапшы болса, біз орталық ретінде хабарласып бірден, ахуалды қалыпқа келтіреміз.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:


Заңсыз ел болмас, заңға бағынған құл болмас. Алайда, көпшілікті әбігерге салып, ашуына тиіп жатқан жаңа заң жобасы емес, оны жүзеге асыруда еш дайындықтың болмауы себеп болған сыңайлы. Қазір белсенділер ғаламторда қол жинап, үкіметтен аталмыш заңды алып тастауды сұрап арнайы петиция жолдамақ.