$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстаннан қалыңдық іздеген Қытай жігіттері ақпанда Астанаға келмек

AstanaTV
06.01.2017ж. 20:00
4167
Қазақстаннан қалыңдық іздеген Қытай жігіттері ақпанда Астанаға келмек

Қазақстаннан қалыңдық іздеген Қытай жігіттері ақпан айында Астанаға келмек. Бұл туралы біздің арнаға берген сұхбатында неке агенттігінің басшысы айтты. Ең сорақысы, қазірдің өзінде 20 шақты қыз жат елдік күйеумен танысуға ниет білдіріп үлгерген. Бұрын соңды көз көріп, құлақ естімеген "құдаласу" тақырыбын Айгүл Әдепбай тарқатады.

Қытайлық бір топ жігіт Қазақстанға қыздармен танысуға келеді деген жаңалық қоғамды дүр сілкіндірді. Біздің елдің бойжеткендерін Аспан асты елінің жігіттеріне күйеуге беретін болып, құдаластырып жүрген - отандық неке агенттіктерінің бірі. Оның бастығы шараның саяси астары жоқ, мақсатымыз әйелдерді бақытты ету дейді.

Қыздармен танысайық деген ұсыныс әу баста қытайлық бойдақтар тіркелген элиталы клубтан шыққанға ұқсайды. Сөйтіп жеңгетайлық басталып кеткен. Шығыс көршімізде қыздар тапшы, 1 әйелге 4 еркектен келеді, ал бізде, керісінше, 1 еркекке 8 әйелден келеді,-дейді таныстыру агенттігінің басшысы. Қытай жігіттерімен танысамын деген қыздарға қойылар талап та жоқ емес.

Татьяна Логвиненко, неке агенттігінің бастығы:

18 бен 40 жас аралығында болуы керек. 18 жасқа толмаған, бір баласы бар болса да, ештеме етпейді. Қатысамын дегендерге шектеу жоқ. Біз оларға бір-бірінің анкеталарын жібереміз, қандай да бір қызды ұнатқан, қызығушылық танытқан жігіттер ғана келеді. Қытай жобасына қатысу ақылы. Аса қымбат емес. Агенттік клиенттеріне 15 мың, клиент еместерге 25 мың теңге. 

Ақы төлеген қыздарға неке агенттігінің мамандары бір ай бойы Қытайдың мәдениеті мен әдет-ғұрыптарын үйретеді. Қазірдің өзінде 20-дан астам қыз ниет білдірген. Агенттік басшысы кеше ғана алғашқы үміткерлердің анкеталарын аспан асты еліне жібердік дейді .  Қоғам бұл сорақы бастаманы үрке қабылдады.

Руслан Ескаиров: Бұл агенттіктерді сотқа беру керек!

Назгүл Ашытайқызы: Ақылы бар қыз қанша бай болса да, қытайлыққа бармас...

Рашид Жақсылықов, қоғам белсендісі:

Біздің жерімізге, тұтастығына міндетті түрде кері әсер ететіне сенімдімін және бұны шамамыз келгенше, ел болып, жұрт болып, тоқтатуымыз керек.

"Қытайлық күйеулер" - көшеде жүргендер емес. Әрқайсының жоғары білімі бар, бірнеше тілді меңгерген және тұрмыс жағдайы жақсы, - дейді неке агенттігіндегілер. Бастама "Қытай жобасы" деп аталады. Сондай ақ, жобаға кез келген ұлттың өкілі қатыса алады.

Татьяна Логвиненко, неке агенттігінің бастығы:

Әркімнің жеке өміріне өз құқы бар. Біреу екінші біреуді қатысуға мәжбүрлемейді. Неге біз көп ұлтты Қазақстанда тұратын орыс, украин, белорус, ұйғыр, татарларды ойламаймыз? Олар бұл жобаға қызықпайды деп кесіп айтуға болмайды.

Танысқысы келетін қыз-жігіттерге мейрамханада әдемі кеш ұйымдастырылады. Сонымен қатар боулинг пен түрлі көрмелерге бару да қарастырылған. Қазақстан азаматшасын ұнатқан күйеу қалыңдығын еліне өз ақшасына алып кетеді. Жұптар қаласа, шетелде тұрады, немесе қазақ елінде қалады. Ал қарсы тарап, шараны болдырмас үшін, қол жинап, әділет министрлігіне жүгінбекші.

Айгүл ӘДЕПБАЙ