Отандық
өнімдерді қолдау ел экономикасының келешегін кеңейтеді. Аймақтарды аралауға
шыққан мәжілісмендер Атыраудағы қой мен түйе жүнін өңдейтін «Каспий Лана
Атырау» кәсіпорнына барды. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы
аясында бой көтерген кәсіпорын жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүнін
өңдеп, дайын өнім күйіне жеткізеді. Табиғи таза бұйымдар экспортқа да шығарыла
бастаған. Депутаттар отандық өнімнің қолданысын арттыру үшін мемлекет барынша
жағдай жасайды деп отыр.
Бейбіт
Мамыраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының
мүшесі:
Елбасының
экономика алдына қойып отырған мақсатына сәйкес, бұл экономиканы
әртараптандыруға өзінің әсерін тигізеді. Мақсатымыз - Қазақстанда бар заңдарға
өзгерістер енгізу керек пе, қай сала болсын, мүмкін, бизнестік бір кедергілер
бар шығар, дегендей, атқарушы органдардың бизнеспен ара қатынасын байқағымыз
келеді.
Депутаттар
сондай-ақ Өскеменде ұстаздар қауымымен кездесті. Білім беру саласындағы
проблемалар ортаға салынған басқосуда
кадр мәселесі де көтерілді. Физика, химия, биология пәндері мұғалімдерінің
орта жасы - 50-60 жасты құрайды. Ұстаздардың айтуынша, жоғары оқу орнын бітіргендердің мектепке
жұмысқа келе қоюы екіталай. Жұмыс көп, жалақы аз, - дейді. Сондықтан Ұстаздар мәртебесі туралы заң қабылданса
деген тілегін жеткізді. Мәжілісмендер мұны парламент қабырғасында көтеруге уәде
етті. Бұл мәселенің барлығы, әсіресе, мектеп бітірген түлектердің Ресейдің
жоғары оқу орындарына қарай ағылуын депуттаттар өз бақылауларына алып, осы
бойынша жуықта парламенттік тыңдау өткізуге уәде етті.