Алматыда май басқан мұржасы үшін бір кафе өртеніп кете жаздады.
«Өрт сөндірушілер сағат 11.12-де Алмалы ауданы Байзақов көшесі, 44 мекенжайында болған өртке жіберілді. Оқиға орнына 3 минутта жеткен өрт сөндірушілер «Мүбарак» кафесінің 1 шаршы метр аумақтағы өрттің ары қарай таралуына жол берген жоқ. Өрт сағат 11.24-те жойылды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ», - делінді ТЖД-ның хабарламасында.
Өрттің алдын-ала шығу себебі кафенің шатырындағы мұржаның ішінде май қалдықтары жанған. Өртке қарсы 16 өрт сөндіруші мен 4 техника жұмылдырылды.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті қоғамдық тамақтандыру объектілерінің иелеріне өрттің алдын алу үшін мұржаларда жиналған май мен қоқыстарды уақтылы тазарту қажет екенін ескертті.