Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Тобыл өңірінде мектеп директоры мұғаліммен соттасып жатыр

14.02.2024ж. 20:00
952
Тобыл өңірінде мектеп директоры мұғаліммен соттасып жатыр

Қостанай облысындағы білім мекемелерінің бірінен тағы шу шықты.Бұл жолы мектеп басшысы мұғалімді сотқа берді. Тіпті бақандай 500 мың теңге моралдық шығын талап етуде.Директор мен педагог сот жағалап жүрсе, оқушыларға кім сапалы білім бермек? Даулы мәселенің мәнісін Заңғар Санай саралады.

Алтынай Макенова Әулиекөл ауданындағы Сұлтан Баймағамбетов атындағы гимназияда 9 жылдан бері жұмыс істейді. Өзі- сол білім ордасының түлегі. Мектеп басшысы мен мұғалім арасындағы кикілжің өткен жылы өрбіген. Алтынайдың айтуынша кіші сіңлісін сыныптасы сабаған. Оныншы сынып оқушыларының төбелесін мектеп басшылығы жылы жауып қойды дейді. Ал құрбыларынан қысым көрген Жансая сабаққа бармай қойған. Тіпті суицид жасамақ болған көрінеді. Ақиқатты айтам деп буллингке ұшырадым, дейді Алтынай Макенова.

Алтынай МАКЕНОВА, БИОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Мен инстапарақшама жағдайды жазып, осы халге директор жеткізді дедім. Өйткені отбасымды қорғағым келді. Арыз жазып жұмыстан шықпақ болдым. Бірақ кабинетіне де кіргізбеді. Осының салдарынан инсульттік жағдайға жеткенімді жаздым. Сол үшін мені және анамды сотқа беріп жатыр.

16 жыл аудан орталығындағы мектеп-гимназияны басқаратын Салтанат Мақсұтоваға хабарласқан ек. Қысқа қайырды. Адвокатым хабарласады деп, сұқбаттан бас тартты.

Салтанат МАҚСҰТОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Менің ештеңе айтқым келмейді. Адвокатпен ақылдасуым керек.Ол өзі сіздерге хабарласады.

Бірақ директордың адвокаты хабарласпады.Мәселенің мәнісін анықтау үшін облыстық білім басқармасына бардық.Басқарма аудан мектебіндегі ахуалды жақсы біліп отыр екен. Тіпті арнайы жұмыс тобы барып, құжаттар мен бұрйықтарды тексеріп қайтқан.Директормен сөйлескен.Ал мұғалім кездесуге келмей қойыпты.

Данагүл СҮЙІНДІКОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Білім басқармасының берген ұсынысы осы конфликті қалай да шешу керек және де мектеп алдында тұрған мақсатттарға кірісу керек. Өйткені мектептің басқа да мәселесі жеткілікті. Күнделікті қаншама баланың оқуы бар. Басқа да ата-ана бар дегендей.

Білім басқармасы білім ошағындағы түкке тұрмас даудың түйіні шешіледі деп сендірді. Алайда алғашқы сот отырысында мектеп басшысы медиациядан бас тартқан,кейін татуласқысы келіпті.Бірақ оған биология пәнінің мұғалімі көнбей отыр. Ол гимназиядағы бар былықты ашып, ащы ақиқатты айтуға бел буған.Өйткені бұл шудан кейін бәрібір жұмыстан қуып шығады дейді. Қазірдің өзінде жан-жақтан қысым көрсетіліп жатқанын айтады.