Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

«Қазақстан мен Қатар арасындағы келісім ынтымақтастықты стратегиялық деңгейге көтереді», - Президент

14.02.2024ж. 20:00
360
«Қазақстан мен Қатар арасындағы келісім ынтымақтастықты стратегиялық деңгейге көтереді», - Президент

Қатар – Қазақстанның сенімді әріптесі. Соңғы 30 жылда екі елдің байланысы айтарлықтай артқан. Ислам мемлекеті еліміздегі ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді. Болашақта тауар айналымы 500 миллион долларға дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл туралы Президент Қатарға барған алғашқы мемлекеттік сапарында айтты. Қос тарап кездесу барысында бірнеше маңызды құжатқа қол қойды. Мұсылман елі Қасым-Жомарт Тоқеавты сыйлықсыз жібермеді. Ең бай халық Мемлекет басшысына не сыйлады? Қандай уағдаластық болды? Аружан Задабек айтады.

Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің сарайына келді. Резиденцияда Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қос мемлекеттің әнұраны шырқалды.

Қатар осыдан 53 жыл бұрын тәуелсіздігін алған. 3 миллион халқы бар. 80-нен астам ұлт өкілі өмір сүреді. Ең қауіпсіз 10 мемлекеттің қатарына кіреді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын. Бұл келісімдер біздің ынтымақтастығымызды стратегиялық деңгейге көтереді.

Бұған дейін қос мемлекет басшылары Астанада кездескен. Енді Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолы түсті. Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Президент сапарының мән-маңызына тоқталды.

Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, ҚАТАР МЕМЛЕКЕТІНІҢ ӘМІРІ:

Бүгінгі жүздесуіміз бұрынғы келіссөздер негізінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қадағалап, алдағы жоспарларды айқындауға мүмкіндік береді.

Президентке Қатар Мемлекетінің негізін қалаған шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы табысталды. Бұл – елдегі ең жоғары мемлекеттік символы. Оны монархтарға, ханзадаларға және мемлекеттер басшыларына Қатар Мемлекетіне және бүкіл адамзаттың дамуына қосқан үлесі үшін Әмірдің өзі табыстайды. Осыдан кейін Президент Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің қарым-қатынасымызға тың серпін беретін құжаттар топтамасына қол қойылды. Жоғары Мәртебелі Қатар Әміріне айтқанымдай, біз өзара байланыстарды екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Бұл өте үлкен жетістік деп санаймын.

Қатар Премьер-министрі сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, соңғы жылдары мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастардың айтарлықтай жанданғанын атап өтті.

Шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәни, ҚАТАР МЕМЛЕКЕТІНІҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ – СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Біз соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған және айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Өзіңіз айтқандай, бұл өз-өзінен бола салған дүние емес. Одан да үлкен жетістіктерге жету үшін жұмысты жалғастыру қажет. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне өте қуаныштымын.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта дәліз» ретінде танымал Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға зор үміт артып отырғанына тоқталды. Шығанақ аймағының үлкен нарығына кең жол ашуға және жаңа транзиттік бағыттарды қарастыруға баса мән беретінін жеткізді. Мемлекет басшысы Қатар компанияларын Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, цифрландыру, энергетика салаларына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.