Астанада «Бердібек Сапарбаев тұлғасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Бердібек Машбекұлының жақындары, әріптестері мен шәкірттері, Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары қатысты. Мәжіліс Спикері, "AMANAT" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ең алдымен Мемлекет басшысының конференцияға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бердібек Мәшбекұлы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі және адал қызметі – жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге, - Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қоғам қайраткерінің азаматтық болмысын еске алып, оның еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік жасағанын тілге тиек етті. Сондай-ақ күрделі кезеңдерде елдің еңсесін тіктеуге қызмет еткен тұлғаның әріптестері ой-толғамдарымен бөлісті. Шарада мемлекет және қоғам қайраткері жайлы кітаптың тұсауы кесіліп, тағылымды өмір жолы туралы арнайы түсірілген фильм көрсетілді.