Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Әуелі көші-қон қызметіне ме, жоқ әлде бірден тойға ма?» Тіркеу туралы «терме»...

AstanaTV
14.01.2017ж. 20:00
1659
«Әуелі көші-қон қызметіне ме, жоқ әлде бірден тойға ма?» Тіркеу туралы «терме»...

Тіркеу. Алдымен Қазнеттегі осы тақырыпқа байланысты мысқыл, әжуаларды көріп алайық:

1. Енді қонаққа осылай барамын!

2. Қашан кірісеміз? Алдымен ХҚКО-на!

3. Қай жерде уақытша тіркелуге болады?

4. Әуелі көші-қон қызметіне ме, жоқ әлде бірден тойға ма?

Қойшы, жетеді. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың «Ратель» порталына шыққан материалында мынадай байлам бар:

Біріншіден, бұл норма барлық діни ұйымдарды қайта тіркеуден өткізуді еске түсіреді. Әрине, заңға бағынатындар ғана тіркелді, қалғандары астыртын жұмыс істейді. Ал радикалдар тіркелуге заң бойынша бекітілген уақыттан қысқа мерзімге үй жалдай алады. Оның үстіне тәулікке берілетін үйлер бар. Ал терорлық топ мүшесінің адам жинайтын пәтері болса, заң нормасы орындалмайды да. Яғни тіркеу ойы бұзықтарды анықтайтын әдіс емес. 

Екіншіден, тіркеуі жоқтарды кімнің анықтайыны түсініксіз. Пәтер иелері кооперативтері, учаскелік инспекторлар, көршілер?

Бір әріптестің «біздің азаматтардың үкіметтің жасап жатқан барлық қадамына қатысты симметриялық жауабы бар» дегені құлаққа қонады...  Дайындықсыз басталған кезекті өзгеріс туралы Дәуренбек Бақдәулет. 

Бейнеқыстырма:  Талон дайте, нормально, тут 02, а у вас уже 03 на табло...

Сабылған жұрт, жүйкесі тозған қызметкерлер, жылжымайтын кезек, зардабын көретін әдеттегідей қарапайым халық... Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бүгінгі сыйқы осы.

Мұнда да мамандар қабылданған заңды орындау мақсатында келушілердің көптігінен қызмет көрсетіп үлгермей жатыр. Ол аздай заңның бүге- шүгесін қарапайым халық түгілі, қызмет көрсетуші мамандардың өздері білмей жатқан көрінеді. «Экстремизм мен терроризмге» қарсы қабылданған заңды ел өзіне қарсы мақұлданған заң сияқты қабылдады.

Алмагүл Есжанова, Астана қаласының тұрғыны:

Қазір мүлде кезек қозғалмайды. Ана жерге барсаң, біз білмейміз, бастықтарға барыңдар дейді. Осындай жауабы. Ең бірінші жұмыстарын реттеп, бірнеше орын қойсын. Мына адамдары айқайламасын. Жауап бергенде кәдімгідей өзіңе айқайлайды.

Рашат Кәрімов - кәсіпкер. Астанада бірнеше баспанасы бар, жалға береді. Жаңа заң туралы теледидардан біліпті. Онда құзырлы мекеме шаруа әрі кетсе 10-15 минутқа созылады деген. Алайда іс жүзінде сан сағатқа созылғанына наразы.

Рашат Каримов, кәсіпкер:

10 минут түгілі 10 сағатта бітсе жарайды деп отырмын. Бітетін түрі жоқ. Бір-ақ терезе жұмыс істеп тұр. Заң бойынша кім қайда тұрса сонда тіркелу керек деген. Мұнда келсек, Астананың тіркеуі болса керек емес дейді. Өздері түсіндіріп бере алмай жатыр.

Бұл жағдайға қатысты ХҚК департаментінің өз уәжі бар. Олар еліміздегі барлық 272 орталықты қатаң бақылауда ұстап отырмыз дейді.

Дәулет Бекманов, Халыққа қызмет көрсету департаменті басшысының орынбасары:

Мысалы, адам көп келіп кетсе қазір, онда облыстағы бөлім басшыларына звандап, олар содан орын беріп, қосымша адамдарды қосады. Егер ол жақта ІІМ немесе басқа орган мамандары тапшы болса, біз орталық ретінде хабарласып бірден, ахуалды қалыпқа келтіреміз.

ХҚКО-на адам ерекше көп жиналған қаланың бірі - Алматы. Мұнда да сабылған адам. Өкініштісі, тіркеуге тұрамын деп талпынған жұрттың көптігінен қарапайым анықтама алатындар сан сағатқа байланды. Алайда, мұндағы қызмет көрсету орталықтары сағаттап тұрып, ашуға булыққандарға тіпті дастархан жайып қойған. Бірақ Алматы облысында болған қайғылы оқиғадан кейін тыжырынып қабылдайтын көрініске айналғандай...

 Сонымен заң талабы былай. Егер сіз тұрғылықты жеріңізден басқа жерге 1 ай мерзімге қонаққа, жұмыс істеуге, оқуға, іссапарға кетсеңіз, тіпті ауруханаға жатсаңыз, онда 1 ай уақыт ішінде сол жердің ХҚКО- на уақытша тіркеуге тұруға міндеттісіз. Мұнда негізгі тұрғылықты мекен жайыңыз өзгеріссіз қалады. Олай болмаған жағдайда 7 АЕК яғни 16 мың теңге көлемінде айыппұл төлейсіз. Ал пәтерін жалға берушіге жалдаушыларды тіркемесе, 22 мың теңге айыппұл салынады. Айтпақшы мыңдаған студент оқытып отырған жоғары оқу орындары бұл мәселені өзінше шешіпті.

Ырысхан Нұрланов, студент:

Естідім, енді қиын болады, болса да, егер университетке тіркеп қойса, жеңілдеу болады.Осы оқу орнының адресіне. Мен осы университетте тіркеуге тұрдым. Өзім Тараздан боламын.

Қазір бұрынғыдай «тіркеу кітапшасы» жоқ. Сонда учаскелік полициейлер заң бұзған азаматты қалай біледі? Ал, егер ол сенбі, жексенбі өзінің тұрғылықты  үйіне барып тұрса ше? Заң бойынша сол үйде тұрып жатқанына 1 ай толмаса ІІМ әкімшілік хаттама толтыра алмайды... Құқық бұзушыны қалай анықтамақ? Сұрақтар көп, жауаптар көпшілікті қанағаттандырмады. Дегенмен, құзырлы мекеме былай дейді:

Серік Саинов, ҚР ІІМ көші-қон полициясы департаментінің бастығы: 

Мысалға көршісі шағымданды делік. Көрші үйге белгісіз біреулер көшіп келді, онда ұрыс – төбелес болып жатыр десе біздің учаскелік инспектор тексереді. Егер тұрғын есік ашпаса, үй иесін шақырып, тексереміз. Жәйдан жәй ешкім де келіп есігіңізді қағып тіркеуіңізді көрсетіңіз демейді. Тікелей шағымдар болған кезде тексереміз. Бұл бұрыннан бері бар норма. Тек бұрында ол 3 ай мерзім болса, қазір 1 айға қысқарып отыр. Жалпы терроризм мен экстремизмге қарсы күресте бар амалды қолдануымыз керек.

Әлеуметтік желі қолданушылары мұны ащы мысқылдап жатыр, әрине, ашынғандықтан. Мысалға мына суретте, «терористер қылмысқа бармас бұрын, ХҚКО-на тіркеледі, себебі заң солай» делінген...Белгілі спортшы, ережесіз жекпе –жектен әлем чемпионы «Найман» лақап атымен танылған Қуат Хамитов, өзінің Фейсбук парақшасында:

«...Адамдар аштан өлмеуі үшін қалаға келеді! Енді олар өз елінде жүріп, басқа қалаға барғысы келсе сол үшін ақша төлеуі керек пе? Құдай атымен уәде беремін, кімде-кім тіркеу мәселесімен есігімді қағып келсе, сол жерде жер жастандырамын. Қазақтан - мұнай, газ, алтын, күміс, уран, мыс, алюминий көмірге бай. Ол бойынша әлемде алғашқы бестікке кіреді. Халық оның пайдасын көріп отырған жоқ! Осыдан кейін қарапайым халықты өздеріңнің айыппұлдарыңмен тонамақсыңдар ма?..Елде қанша қордаланған мәселе бар, олар болса айыппұлды ойлап тауыпты»-деп наразылығын білдірді.

Сарапшылардың көбі, саясаткерлердің қайсібірі заңның негізгі миссиясы орындалатынына күмәнмен қарайды. 

Ерлан Қарин,  ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

Бұл заң «терроризм мен экстремизмге» қарсы керемет нәтижелі болады дегенге сенбеймін. Бұл тек көпшілік үшін сабақ болды. Тағы да «жер мәселесіндегідей» насихат жұмыстары аздау. Халыққа етене түсіндіру керек еді.

Джохар Өтебеков, адвокат:

Коррупция сөзсіз артады, тағы да. Оған күмән жоқ. Бұл көші қон тарапынан жемқорлыққа ашылып отырған даңғыл жол. Егер бұрын қызыл жағалылар «тіркеуің жоқ» деген желеумен шет елдіктерден ақша талап еткен болса, енді бұл өз азаматтарымызға да төніп тұр. Ал, тероризмге қарсы еш пайдасы жоқ бұл заңның.

Үкімет мүшелері тым-тырс отыра алмайтындарын біледі. Алдын-ала дайындалу керектігін білмесе де. Біліп, бірақ әдеттегідей, мән бермесе де.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі: 

Біз бір жасаған қателіктен сабақ алмай, тағы да соны жасап отырмыз. Халық үшін пайдалы заңды қабылдап, алайда, оны түсіндіріп, жеткізе алмадық. Түсіндіру жұмыстарын жүргізген жоқпыз. Бұл тарапта біздің шаруамыз әркез ақсап тұрады. Болашақта осы жәйттарды естен шығармау керек. Ал, қазір ақпараттық жұмысты күшейтіңіздер. Қарапайым халыққа ыңғайлы болу керек.

Алматыда дүрбелең тудырған науқан алдағы «Универсиада» ойындарына байланысты қауіпсіздікке қатысты шаралардың басы,- деді билік. Жазда Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде де жұрт «екі аяғымыз бір етікке тығыла ма» деп алаңдаулы.

Әйтсе де Ішкі істер министрлігі  -мақсатымыз тіркелмегендерді жазалау емес, дейді. Алдымен бір ай ішінде ескертіледі, тек содан кейін, оған құлақ аспағандарға айыппұл салынбақ.

Гүлвира Дөненбаева, Астана қаласы ІІД көші-қон полициясы басқармасының басшысы: ¤

Азаматтар өздерінің кінәсіз екенін дәлелдеуге тиісті емес.  Бiз тек жедел алдын алу шаралары барысында тексеру жүргiземiз. Телефон қоңырауы түскенде тексеремiз. Сенiм телефоны арқылы жұмыс iстейміз. Көршiлердiң немесе пәтер иелерi кооперативiнiң жазбаша арызы бойынша да тексеру жүргiземiз. Қазiргi шара адамның бiр жерде тұратынын немесе тұрмайтынын дәлелдеу үшiн жүргiзiлiп жатқан жоқ. Бұны қажет болған кезде министрліктің базасымен де тексеруге болады.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Заңсыз ел болмас, заңға бағынған құл болмас.Алайда, көпшілікті әбігерге салып, ашуына тиіп жатқан жаңа заң емес, оны жүзеге асыруда еш дайындықтың болмауы себеп болған сыңайлы. Тіпті Алматы облысында ұлын уақытша тіркеуге тұрғызамын деп сабылған зағип жан, жүрегі қысылып, ХҚКО алдында мәңгілік мекеніне аттанған... Заңның бір плюсі – пәтерін, тіпті пәтерлерін жалға беретін, бірақ бір тиын салық төлемейтіндер – салық төлей бастайды деп жатыр. Бірақ құныққандар оны жалға алушыдан шығарып алатыны белгілі. Алда ЭКСПО келе жатыр. Ал, онда 48 мемлекеттің азаматтарына Қазақстанда 3 айға дейін қалуына рұқсат етілмек. Сонда біздің өз елімізде «шетелдіктер» құрлы құнымыздың қалмағаны ма деп ашынады көпшілік.