Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне сай, автокөліктер 1-қаңтардан бастап дабыл түймешесімен жабдықталуы керек. Тиісті қызметтерге шұғыл дабыл беретін SOS түймешесі. Ресейдің ғаламдық спутник жүйесі – ГЛОНАСС-қа қосылған.
Идея тамаша – күре жолдардағы апаттарға тез жетіп, адамдарға жедел жәрдем көрсету. Адам өмірін сақтап қалуға жететін санаулы минуттарды сыйлайтын «алтын қондырғы». Алайда... Алайда бірден туатын бірнеше сауал бар: ресейлік спутниктік жүйеге қосылатын қондырғыны шетелдік автоконцерндер орнатпайды. Ал әкелгесін орнату үшін 2 краш-сынақ өткізу керек. Шет мемлекеттерден автомобиль әкеліп сататын дилер компаниялар «ендеше нарықта тек ресейлік көліктер ғана сатылуы мүмкін» деп жатыр. Себебі краш-сынақ – машинаның алдынан және жанынан соққы беріп сынайтын тест-тер өткізу арзан емес, кейбір сарапшылар 800 мың еуро тұратынын айтады. Және ондай сынақ өткізетін жер тек Мәскеуде... Келесі сауал. Бізде қалалардан шыға бере мобильді байланыс нашарлайды. Ал дабыл түймесі мобильді байланыс бар жерде ғана іске қосылады. Сонда «үзік-үзік» дыбыстардың қандай мағынасы бар? Айтпақшы, Ресейде ондай модульды миллиардер, Ресей президенті жақын араласатын адамдардың қатарындағы Аркадий Ротенбергтің ұлы Игорь Ротенберг басқаратын компания жасайды...
Кедендік одақ құрылған соң оған мүше елдер «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» регламентті бекіткен болатын. Оның талаптарына сәйкес 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап барлық санаттағы көліктерге апат кезінде дабыл беретін қондырғылар орнатылуы тиіс. Міне, сол уақытқа да келіп жеттік. Штаттан тыс жағдайда автоматты түрде шақыратын құрылғыны кім орнатады және ол қанша тұрады?! Сарапшылар пікірі бұл мәселеде бір жерден шықты. Аталған жүйенің шынайы жұмыс істеуіне әлі де уақыт керек. Оған үкімет те, көлік айдаушы қауым да дайын емес.
Кедендік одаққа алғаш кірген үш мемлекеттің өзіндік жүйесі құрылуы керек еді. Ол Ресейде— «ЭРА-ГЛОНАСС», Беларусьте — «ЭРА-РБ», ал Қазақстанда - «ЭВАК» деп аталады. Осы жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден көлік әкелгісі келген кез-келген адам осы қондырғыларды орнатуға міндетті. Өйтпеген жағдайда көлікті пайдалануға болмайды. Әкімшілік полиция тіркеуге қоймайды. Заң күшіне енгенімен, қазақстандық «ЭВАК» қондырғысы дайын болмай шықты. Оның орнына Үкімет Ресейде соңғы 4-5 жылда сынақтан өткен «ЭРА-ГЛОНАСС» қондырғыларын пайдалануды ұсынып отыр. Одақтас мемелекет болғандықтан оны оператор ретінде пайдалануға болады деген уәж айтылады.
Арман Қалиев, «ҚР Стандарттау және сертификаттау» РМК жетекші маманы:
Кейбір көлік құралдарына зауыттан орнатылады. Ал біз жасап жатқан ЭВАК жүйесінің қызметі басқа. Ол автоматты түрде беріледі. Ал Қазақстанда қойылатын жаңа құрылғымен жарақтау үшін көлікті әкелген комапния арнайы сертификат алуы керек. Сосын краш-тест жасап, көлігін сынақтан өткізуге міндетті. Ал егер автомобильді жеке тұлға әкелсе оған ЭРА-ГЛОННАС немесе ЭВАК қою күрделі. Ол өз есебінен машинасына краш-тест жасауы тиіс болады.
Бастапқыда «ЭВАК» қондырғысын жасауды Алматыдағы Көлік және коммуникациялар ғылыми зерттеу институтына тапсырған. Ғалымдар құрылғыны құрастырып, оны жетілдіруді қолға алғанда, тапсырыс берушілер айнып қалыпты. Бұл шаруа Индустрия және даму министрлігі жанындағы аэроғарыш комитетінің құзырына берілген.
Владимир Лазаренко, ҚР Көлік және коммуникациялар ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары:
Меніңше ең маңызды мәселе- құқықтық нормативтік базаны жасап алу керек еді. Кедендік одақтың техникалық регламенті бар, ал ұлттық заңнама жазылған жоқ. Онсыз бұл жүйе туралы айтудың өзі артық. Барлық темір-терсекті дайындап қойғанымызбен, сауатты басқаратын ереже болмаса, ол жұмыс жасамайды. Одан кейін инфрақұрылымды жетілдіру, әсіресе ең маңыздысы ұялы байланыс операторларын, соның ішінде "Қазақтелекомды" жұмылдыру керек едік.
Ал Аэроғарыш комитеті «ЭВАК» қондырғысын іске қосу туралы сұрауымызға жазбаша жауап қатқан болатын.
2016 жылы Аэроғарыш
комитеті апаттар кезінде шұғыл шақыру
жүйесі деректерін өңдеу орталығының бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыстар
жүргізді. Бұл бағдарламалық қамтамасыз ету оперативті қызметті жедел шақырту
құрылғысын іске қосуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне қарасты 112
диспетчерлік қызметіне ақпараттарды жолдауға арналған. Қазір комитет осы
бағытта жұмыстар жүргізіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, «ЭРА-ГЛОНАСС»
жүйесін енгізу Ресейде соңғы 5 жылда табанды түрде жүргізілген. Қазір оларда
көліктердің 30 пайызы қондырғыны орнатып үлгерген деген ақпарат бар. Ал
Қазақстанның осы жүйеге иек артуының сыры - өзіміздің тәуелсіз спутниктік
жүйеміз жоқ. Көршілерге жалтақтауымыз содан. Бірақ көптеген сарапшылар онсыз да
ықпалы қатты ресейлік автопромға кіріптарлығымыз артатынын болжап отыр.
Қазақстандық тұтынушы үшін Еуропа мен Жапониядан әкелінетін сапалы, әрі қауіпсіз
көліктер одан әрі қолжетімсіз бола түспек, дейді сарапшылар.
Эдуард Эдоков, сарапшы:
Қазақстан аумағында сатылып жатқан жаңа көліктердің дені әрине, Ресейден жеткізіледі. АвтоВАЗ-дың көліктері ресейлік қауіпсіздік қондырғысын орнатып әкелетіні екібастан белігілі. Сертификат қымбат болғандықтан өзге диллерлер өз орталықтарын жабуға мәжбүр. Бұрын тұтынушы 1000-ға жуық модельден таңдау жасаса, қазір 200-ге жуық модель, оның ішінде көбіне Ресейдің «АвтоВАЗ» көліктерін таңдауға тура келеді.
Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы соңғы 3-4 жылда автокөліктің сатылымы ең төменгі шегіне жеткен. Себебі экономикалық саясат көлік бағасының күннен күнге қымбаттауына соқтырып отыр. «ҚазАвтоӨндіріс» одағының дерегінше, былтыр елімізде 38 мың көлік саудаланған. Оның алдындағы жылы екі есе артық болыпты. Соңғы кезде енгізілген утилизациялық алым, теңгенің девальвациясы да бағаға ырық берер емес. Енді спутниктің қондырғыны орнату жобасы да көлік құнына әсер етпек.
Павел Ким, «Колеса» порталының шеф-редакторы:
Ірі партиямен шығарылатын көліктерге қауіпсіздік қондырғысын салу қаржылық тұрғыдан қиындық туғызбайды. Ал жылына ондап-жүздеп ғана сатылатын көлік маркалары үшін сертификат сатып алу қымбат. Мысалы, Қостанайда жиналатын «Тойота Фортюнер» маркасын жинау жақында тоқтатылуы мүмкін. Себебі экономикалық тұрғыдан өзін өзі ақтамайтын өндіріске мұндай жаңашылдықтар кері әсер етеді.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Батыстың дамыған елдерінде, Жапонияда, Қытайда апаттық дабыл беретін тәуелсіз жүйені мемлекеттен тыс жеке кәсіпорындар да орната алады. Ал әлемге әйгілі көлік брендтері зауыттан шығарғанда-ақ бұл түймені көлікке қондырады. Көлік және логистикамен айналысатын кәсіпорындар дабылдамаларды өз көліктеріне орнатуға әзір екендерін айтады. Мамандардың айтуынша, Ресейлік «ЭРА-ГЛОНАСС»-тың құны 20 мың рубль, ал қазақстандық «ЭВАК»-тың бағасы шамамен 90 мың теңгеге бағаланып отыр.
«ЭРА-ГЛОНАСС» хабар беру қондырғысы орнатылған жаңа көліктерді Алматыдағы мына салоннан табуға болады. Премиум санатындағы темір тұлпар шығарушы компаниялар жаңа қондырғыны жарты жыл бұрын орнатуды бастаған. Бірақ қымбат көліктер Еуропадан Қазақстанға Ресей арқылы жеткізіледі. Ендеше көліктер сол біз айтып отырған «ЭРА-ГЛОННАСС»-тың SOS –түймелерімен елге кіріп үлгерген.
Елсіз, ашық жатқан даладағы жолдарда апатқа ұшыраған көлікке көмек келіп жеткенше, талай адамның тағдыры қыл үстінде болатын жағдайлар аз емес. Статистика адамардың апат кезінде емес, одан кейінгі минуттарда жәрдем жедел көрсетілмегеннен қаза болатынын көрсетеді. Сондықтан бұл жүйенің адамзат үшін пайдасы ұшан-теңіз екені рас.
Алматы мен Талдықорған
қаласының арасындағы елсіз аймақта көлік апатқа ұшырады делік. Көлікке
орнатылған қондырғы орталық диспетчерге белгі беріп, апат болғанын үзік-үзік
дыбыс беру арқылы хабарлайды. Дәл сол
сәтте спутниктік навигация арқылы картадан апат орны дереу белгіленеді.
Диспетчер адам аман болса, хабарласып, халін сұрайды. Дереу жақын маңдағы жедел
жәрдем немесе құтқару қызметін бағыттай алады.
Бірақ еліміздегі ұялы байланыс сапасы қалалардан тыс жерлерде өте нашар.
Дабыл түймесінің толыққанды жұмыс істеуі осы мобилдік байланыстың қолданыс
аясына тәуелді. Үкімет Кедендік Одақ аясында техникалық регламентке қол қоймай
тұрып, осы айтылғандарды пысықтап алуы керек еді, дейді біз сөзге тартқан
мамандардың дені.
Эдуард Эдоков, сарапшы:
Ұялы операторлар үшін бұл шығын әкелетін жоба болмақ. Себебі талап бойынша ұялы байланыс операторлары тегін қызмет көрсетуге міндетті. Бұл жүйе көлікке орнатылған ұялы телефон қызметімен пара-пар, себебі кез-келген ұялы байланыс қызметімен күні-түні байланыста болуы шарт.
Ал «Колеса» порталының шеф-редакторы дәп қазір салондағы барлық автомобильдерді SOS түймесімен жабдықтау мүмкін емес екенін айтады. Сарапшы жобаның алғашқы сатысын жүзеге асыруға кем дегенде 5 жыл уақыт қажет деп санайды.
Сонымен халықаралық талаптарға жауап беру үшін жаңа жүйенің құлағын Ресейдің ғаламдық ұлттық навигациялық спутниктік жүйесіне ұстатып отырмыз. Ал еліміз қол қойып қойған техрегламентке сәйкес, заң бәріне ортақ. Ендеше пісіп-жетілмеген жүйені күштеп енгізу ат арбаны емес, керісінше арба атты сүйрегенмен тең, дейді сарапшылар.
Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».