Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Сәулет ескерткішінде тұрса да, «сәулесіз» тіршілік қылғандар...

AstanaTV
14.01.2017ж. 20:00
1594
Сәулет ескерткішінде тұрса да, «сәулесіз» тіршілік қылғандар...

«19-ғасырдың сәулет ескерткіші және мемлекет қорғауындағы үй» деп жазылған тақтайшалар ілінген үйлер Орал қаласында аз емес. Бірақ... Бірақ апатты жағдайдағы үйлер. Құлағалы тұрған үйлердің жалпы саны 41. Оларда 1532 адам тұрып жатыр. Ондағы билік те «үйлердің барлығы жекешелендірілген, тиісінше, проблемаларын жұрт өздері шешуі тиіс» деп есептейді. Айту керек, «осылай» деп әңгімені қысқа қайырып отырған жоқ, тығырықтан шығатын жол – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – жекеменшік құрылыс компаниялары әлгі үйлерді сүріп, жаңасын салады, сүрілген үйлердегі пәтерлердің иелеріне баспана береді, қалғандарын сатады, деді. Бұл жердегі нюанс – егер үйдің аумағы шағын болса, ол жерге үлкен үй сала алмайтындықтан құрылыс компаниялары қызықпайды. Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшіміз Еркін Кариннің сәулет ескерткіштерінде тұратын, бірақ «сәулеге шомылмағандар» туралы материалы. 

Очи черные, очи страстные, люблю я Вас...

Бұл Коротин деген көпестің үйі. Бұрын қонақүй болған. Осында Шаляпин келіпті. 15 минут әлде жарты сағат отырғанын білмеймін,Шаляпин келді деп үйді «тарихи» деді. Бірақ бұл үйде кафе орналасқан. Кафе қылғанша, музей жасамай ма?

Осыдан бір ғасыр бұрын орыстың атақты әншісі Федор Шаляпин ән шырқаған үйде 20 жылдан бері тұратын Қоңырша апай осылай күйінеді. Өйткені 130 жылдық тарихы бар бұл үй сол өткен ғасырдағы қалпында қалған. Қаланың қақ ортасындағы қос қабатты ғимаратқа әжетхана түгілі, газ бен су өткізілмепті.

Қоңырша Иманшиева, Орал қаласының тұрғыны: 

2011-жылдан бастап, әкімдікпен жүрмін. Мен барғанда үй береміз деп шығарып тастайды. Ешқандай қорытынды жоқ. Білмеймін енді... біздің енді ешқайда баратын жеріміз жоқ. Прокуратураға бердім, ЖКХ-ға жібереді. Мәслихат депутатын бердім арызды, ЖКХ-ға жібереді.

Кірпіштері үгітіліп, қабырғасы қақыраған бұл үй осыдан алты жыл бұрын «апатты» деп танылған. Бірақ үйдің астыңғы қабатынан дәмхана мен дүкен ашып, шаруасын дөңгелеткен кәсіпкерлер мұнымен келіспейді. Олардың сөзінше, бұл үйде әлі бір ғасыр тұруға болады. Сондықтан "ғимарат апатты емес" деп кері сотқа берген.

Марат Қазыкенов, кәсіпкер: 

Осыдан он жыл бұрын үйдің астыңғы қабатын сатып алдық. Оны жөндеп, ретке келтіруге қыруар қаржымды жұмсадым. Егер үйді бұзса, бүкіл бизнесім күйрейді. Оның шығынын маған ешкім өтемейді. Сондықтан үйді апатты деп танып, бұзып тастауға үзілді-кесілді қарсымын.

Қоңырша Иманшиева, Орал қаласының тұрғыны: 

Күні кеше қалалық әкімде болдым. Сонда астымыздағы бизнесмендер жауап бере ме біз құлап қалсақ, әлде әкімшілік жауап бере ме дегенімде, біз жауап бермейміз дейді. Сонда ол сол жерде не үшін отыр? Халық үшін отырған адамдар емес пе?

Оралдағы «апатты» деп танылған үйлердің көбісі – 19-ғасырда және кеңес өкіметі кезінде салынған. Ғасырдан астам тарихы бар бұл ғимараттарды патша үкіметі кезіндегі атамандар мен бай-көпестер тұрғызған. Тіпті қазіргі облыс әкімдігінің ғимараты да бір кездегі атаманның үйі.

Еркін Карин, тілші: 

Сол кездің байларының арасындағы бақталастық бүгінге аңыз болып тараған. Екі қабатты үй салған Овчинников деген көпес баспанасының әдемі екенін айтып, айналасындағыларға мақтанады екен. Оны естіген көшенің қарсы бетіндегі Александр Карев есімді көпес: «Мен сенің үйіңнен де үлкен үй салып, тіпті күн сәулесін сенің үйіңе түсірмеймін», - деп айбат шегіпті. Уәдесінде тұрған Карев төрт қабатты зәулім сарай салады. Бірақ үй салынып біткен күні өзінің бар ақшасын құрылысқа жұмсап, тақыр кедейге айналғанын бір-ақ біледі. Қоныс тойын тойлаған күні мына жоғарыдағы балкондардың бірінен төмендегі жүргіншілердің үстіне құлап түсіпті. Оның әдейі секіріп кеткенін, әлде абайсызда құлап түскенін ешкім білмейді.

Қаланың ескі бөлігіндегі осындай тарихи нысандардың кейбірі мемлекет қорғауына алыныпты. Бірақ мемлекеттің қамқорлығы мынадай жұпыны тақтайшамен ғана шектеледі.

Ерлан Орынбасаров, БҚО тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы: 

ҚР заңына сәйкес, жекеменшік иесі өз қаражатына өз үйін ұстап тұруы керек. Сол себепті мемлекет тарапынан бұл жерде ешқандай көмек бере алады деп айта алмаймыз.

Не жаңа пәтер ала алмай, не үйін сатып құтыла алмай күйзелген тұрғындарға әкімдік баспаналы болудың жаңа жолын ұсынған - құрылыс компаниясы ескі үйдің орнына жаңасын салып, ондағы пәтерлердің бір бөлігін апатты үй тұрғындарына бөліп береді. Ал қалған пәтерлер мердігердің меншігінде қалады. Үй салынып біткенше тұрғындар әкімдік берген пәтерді уақытша паналай тұрады. Бұл да бір көмек. Қазір Оралда осындай уағдаластықпен 140 және 90 пәтерлік екі үйдің құрылысы басталған. Бірақ осы тәсілмен тұрғындарды баспанамен түгел қамтитынына осы істің басы-қасында жүргендердің өздері де сенбейді.

Асхат Шадияров, Орал қ. тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы: 

Бұл жерде мердігер мекеменің үй салуға негізгі қызығушылығы - жердің аумағына байланысты. Жері үлкен болған сайын мердігер мекеме қызығушылық танытып, түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Жері кішкентай үйлер бар. Ол жерге үй салу тиімсіз. 

Қазір қаладағы «апатты» деп танылған 41 үйдегі 383 пәтерде мың жарымдай адам тұрады. Олардың бәріне жаңа баспана тие ме? Белгісіз. Белгілісі – барлық жердегі барлық шенеунік айтатынындай, өз меншіктері болғандықтан, үй иелері өз проблемаларын өздері шешуі тиіс. Ал тұрғындар...

Мына жерде кішкентай балалар ойнап жүреді, бір күні Шахандағыдай бола ма деп қорқамыз...

Еркін Карин, Наурыз Халит, «Біздің уақыт».