Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз тасымалдаған күдікті 2 жігітті ұстады.
Полиция жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент – Жетісай тасжолында Toyota автокөлігін тоқтатты.
Көліктегі екі жігіттің Жамбыл облысының ағайынды тұрғындары екені анықталды. Автокөліктің жүксалғышын тексеру кезінде жедел уәкілдер жалпы салмағы 65 келіден астам ішінде марихуана есірткісі бар 4 қап тауып алды.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Аталған жайт "Тосқауыл" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды.