$522.49 €547.88 ₽5.06
×

Таиландта құлдықта болған қазақстандық екі қыз құтқарылды

AstanaTV
21.02.2024ж. 16:58
943
Таиландта құлдықта болған қазақстандық екі қыз құтқарылды

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, бүгінде Таиландта 100-ге жуық отандасымыз құлдықта жүр.

Соңғы 2 жылда Таиландпен шекарада орналасқан Мьянма, Лоаста 200-ге жуық Қазақстан азаматы еңбек құлдығына түскен. Елшіліктің жәрдемімен Мьянма мен Лоас аумағында 28 қазақстандық шығарылды. Сондай-ақ 60-қа жуық Қазақстан азаматы елшілікке жүгінбей, өз күшімен елге оралды. Қазір жоғарыда аталған елдің аумағында 100-ге жуық қазақстандық еңбек құлдығында отыр деген ақпарат бар, - деді Смадияров.

Ол Таиландағы консулдыққа көмек сұраған азаматтардан хабарлама келгенін айтты.

Қаңтардың соңында Таиландағы консулдыққа “мен Қазақстан азаматымын, жунглидемін, қай мемлекет екенін білмеймін. Құлдыққа түсіп қалдым, көмектесіңіздер” деген хабарлама келді. Сөйтсек, біздің екі азаматымыз алданып, “алтын үшбұрышқа” түсіп қалған. Бір қызығы – екеуінің де жоғары білімі бар, бірнеше тіл біледі. Интернеттен хабарламаны көріп, алданып, Таиландқа жұмысқа барған. Адам басына 10 мың доллардан ақша сұраған. Оларда да, туыстарында да ақша болмаған, - деді СІМ ресми өкілі брифингте.

Оның айтуынша, жергілікті билікпен бірлесіп, бір ай дегенде екі азамат құтқарылған. Қазір олар Қазақстанға ұшып келе жатыр.