Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылжарда су құбыры жарылып, қаланың ортасындағы бірнеше көшені су басты

AstanaTV
11.01.2017ж. 20:00
4313
Қызылжарда су құбыры жарылып, қаланың ортасындағы бірнеше көшені су басты

Қызылжардағы жарылған құбыр осыдан 8 жыл бұрын ғана тартылған. Бұл құбыр қаңтардың басында-ақ сыр берген. Тұрғындар олқылықты дер кезінде жоя алмаған коммуналдық қызмет өкілдері жағдайдың ушығуына жол берді деп отыр. Осының кесірінен олар бірнеше мәрте тіршілік көзінен қағылғандарын айтты. Қазір қаладағы 5 көпқабатты үй сусыз отыр. Жағдайды аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин баяндайды.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жұмабаев пен Интернационал көшелерінде орналасқан су магистралі алғаш рет қаңтардың бірінде сыр берген. Тұрғындардың айтуынша, көшенің қақ ортасын қазып тастаған жауапты мекеме апат көзін жоймаған көрінеді. Араға 10 күн салып, негізгі құбыр екінші жерден жарылған. Бұл жолы жер астынан шыққан су қаланың орталық көшелеріне жайылды. Ағынды телефондарына түсіріп алған куәгерлердің бірі оны жергілікті Венеция десе, енді бірі Жұмабаев өзені деп әжуалады.

Апат орнында шоғырланған коммуналдық техника түнімен мұз аралас суды қала шетіне сырумен әлек болды. Ал таңсәреде жолға құм сеуіп, көлік қозғалысын қалпына келтірді. Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан «Қызылжар су» серіктестігі апаттың нақты себебін әлі де анықтай алмай жатыр. Олар құбыр жарылысы ауа райының күрт өзгеруінен болуы мүмкін деп болжайды.

Александр Супонин, «Қызылжар су» ЖШС су жүйесі учаскесінің басшысы:

Құбырдың диаметрі 80 см. Су бір сағаттай атқылады. Үлкен көлемі сыртқа ақты. Қазір қолымызда қажет материалдың барлығы бар. Кешке дейін тесілген құбырлдарды жамаймыз.

Жақын маңайда тұрған 5 көпқабатты үй тіршілік көзінен айырылды. Тұрғындар суды көрші үйлердің жертөлесінен алып жүр. Бұқара 11 күнге созылған апат жыры біте ме, - деп налиды.

Валентина Сусликова, ПИК өкілі:

Қаңтардың бірінде құбыр жарылған кезде су жертөлеге кірді. Бірақ, оны дереу сорып алдық. Бұл жолы су кірмеді. Мынау су апаттары шаршатты. Табан астынан суды айыра береді.

Қызылжар су компаниясы, үйлерге суды кешке дейін береміз деп, уәде етті. Бірақ апаттың қайталанбайтынына ешкім кепіл беріп отырған жоқ. Жалпы, қаладағы су жүйесінің 72 пайызының тозығы жеткен. Құзырлы мекеме 2021 жылға дейін оны 10 пайызға қықсартуды жоспарлап отыр. Ол үшін суға жауаптылар арнайы инвестициялық бағдарлама құрған.

Абзал Құрманкин, тілші:

Ал апат болған жерге 2009 жылы орнатылған полиэтиленді құбырдың жарамдылық мерзімі 50 жыл. Алайда, бұл құбыр тек 8 жылға ғана жетті. Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, сол кезде магистралді тартумен айналысқан мердігер компания бірнеше жыл бұрын жабылып қалыпты. Сондықтан коммуналдық кәсіпорын енді бүкіл шығынды өзі көтеретін көрінеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН