Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Халықтың 5 жыл төленбеген кредиттері кешіріліп жатқаны рас па?

AstanaTV
27.02.2024ж. 14:00
292
Халықтың 5 жыл төленбеген кредиттері кешіріліп жатқаны рас па?

Әлеуметтік желіде әйел кредиттер кешіріліп жатқанын айтатын видео тарады. Massaget.kz тілшісі бұл ақпарат қаншалық шын екенін анықтау мақсатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінді.

Желідегі видео "Кәсіп қолдау" атты парақшаның атынан жарияланып жатыр.

"2019-2022 жылғы кредиттер кешіріледі. Микро қаржы ұйымдары осы үш жыл аралықта алынған кредиттерді кешіріп беріп жатыр. Микро қаржы ұйымдарына KMF, Freedom, Сәлем банктері кіреді. "Олар не себепті кешіріп жатыр?" деген сұрақ туындайтын болса, оларды салықтан үш жылға босатқан. Сол себепті кешірім беріп жатыр. Егер білікті маманнан, заңгерден кеңес алғыларыңыз келсе, консультация алып, осы банктердегі проблемаларыңыз шешсеңіздер болады", - дейді видеода әйел.

Сонымен қатар, тағы бір видеода 5 жыл төленбеген кредиттер де кешірілетінін айтады.

Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдері бұл ақпарат өтірік екенін мәлімдеді.

"Бұл видеолардағы ақпарат шындыққа жанаспайды. Заңнамаларда микро қаржы ұйымдары арқылы алынған кредиттер кешірілетіні туралы ақпарат жоқ", - деп жазылған ведомствоның Massaget.kz-ке жауабында.