$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Сағат ауысады: не өзгереді?

Сағат ауысады: не өзгереді?

Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Бірқатар өңірде бүгін түнгі 12-де бір сағат кері шегеріледі. Сағаттың ауысуы кейбір қызметтер бойынша өзгерістер туындатуы мүмкін. "KEGOC" таңертең және кешке электр энергиясын тұтынудың шамалы өсуіне әкелетінін мәлімдеді. Сондай-ақ касса жүйелерінде өзгерістер болады. Кейбір құрылғыларда уақытты қолмен өзгерту қажет болса, басқаларында бұл автоматты түрде жүзеге асады.

Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бүгін түнгі он екіде қол сағатымның тілін бір сағат артқа шегеремін. Ал ұялы телефонымдағы уақыт автоматты түрде өзгереді. Егер сіздің гаджеттегі сағат тілі кейінге шегірілмесе, смс хабарлама келеді оған сіз келісім беруіңіз қажет. Ал смс келмесе, онда құрылғының бағдарламалық жасақтамасын соңғы нұсқасына дейін жаңарту керек.

Бүгін түнде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының әкімдіктері жергілікті уақытты 1 сағат кейінге шегереді.

Ертеңнен бастап кейбір қызмет түрлерінде ақаулар болуы мүмкін. Аялдамадағы ақпарат таблолары мен мобильді қосымшалар немесе төлем терминалдары арқылы жол ақысын төлеу жүйелері уақытша жұмыс істемейді. Сондай-ақ жолаушылар пойыздары мен әуе рейстерінде де өзгерістер бар.

Пойыз жолаушылары анықтамалық ақпаратты 1433 нөмірі немесе Telegram ботының көмегімен тегін ала алады. Ал әуе компаниялары бойынша жедел желі жұмыс істейді. Сондай-ақ, рейсті нақтылау авиакомпаниялардың CALL-орталықтарына хабарласу қажет.

Уақыттың өзгеруіне байланысты eGov.kz порталы да дұрыс жұмыс істемейтіндігі хабарланды. Бүгін сағат 22:00-ден түнгі 2:00-ге дейін техникалық шаралар жүргізіледі. Осы уақыт аралығында бірнеше қызмет түрі қолжетімсіз болады.

eGov.kz порталы және оның құрамдас бөліктері, egov mobile мобильді қосымшасы, «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі, «Техникалық бақылау» бірыңғай ақпараттық жүйесі, «e-Otinish» электрондық өтініштер қызметі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүргізетін басқа да ақпараттық жүйелер мен мемлекеттік дерекқорлар уақытша жұмысын тоқтатады.

Мектептерде бірінші ауысымдағы сабақтардың басталу уақытында да өзгерістер болуы мүмкін. Бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге байланысты Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктерге оны қайта қарауға мүмкіндік береді.

Асыл АМАНГЕЛДИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Барлық білім беру ұйымдары бүгінгі күні қабылданған қолданыстағы режимге сәйкес жұмыстарын жалғатыратын болады. Яғни, штаттық кестеге сәйкес еш өзгеріссіз әрі қарай сабақ процесі жалғасады.

Уақыттың артқа шегерілуіне байланысты әлеуметтік желілерде наразылық білдіріп жатқандар да бар. Елімізде уақытты есептеу мәселелері бойынша құрылған жұмыс тобының мүшелері сағаттың өзгеруі адам денсаулығына пайдасын тигізбесе, зиян емес дейді.

Болат НҰРХОЖАЕВ, ҚОЛДАНБАЛЫ ХРОНОБИОЛОГИЯ МАМАНЫ:

Өзінің табиғи уақытына жақын өмір сүрген ешқандай да қиындық тудырмайды. Ол ғылыммен дәлелденген. Кейбір әлеуметтік желідегі эксперттер тырнақшаның ішінде жазып жатыр «табиғи уақытпен өмір сүрген 2 сағат биоритмді бұзады екен». Оның барлығының ешқандай ғылыми негізі жоқ. Себебі, егер табиғаттың уақытымен үйлесімдікте, сәйкестікте өмір сүру зиян болса, жер бетінде тіршілік болмас еді.

Сағаттың ауысуы ұялы байланыс операторларының ай сайынғы тарифтерді қосарландыру және басқа да қызметтерді үзуіне әкелуі мүмкін. Алайда байланыс операторлары мұндай оқиғаларды болдырмау үшін шара қолданып жатқанын хабарлады.