$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Соңғы екі айда Мәжіліс 18 заң қабылдап, Сенаттың қарауына жіберген

01.03.2024ж. 20:00
674
Соңғы екі айда  Мәжіліс 18 заң қабылдап, Сенаттың қарауына жіберген

Соңғы екі айда ғана Мәжіліс 18 заң қабылдап, Сенаттың қарауына жіберген. Президент қабылдауында болған Ерлан Қошанов Мәжілістің қазіргі заң шығару қызметі туралы баяндады. Оның айтуынша, жоспарланған өзгерістерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының жүктеген барлық міндеті тиісті деңгейде және уақытылы орындалып жатыр. Атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, цифрландыру, ғылым, бизнес жүргізу, медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін сақтандыру, трансферттік баға белгілеу, халықтың көші-қон мәселелері секілді құқықтық нормаларға түзетулер енгізілген.

Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасын орындау үшін депутаттар Бюджет, Су, Құрылыс кодекстері, сондай-ақ бірқатар маңызды заң жобалары бойынша бір мезетте жұмыс жүргізуде.

Енгізілген әрбір жаңа өзгерісті сарапшылар мен жұртшылық кең көлемде талқылайды, палатаның барлық іс-шарасына бұқаралық ақпарат құралдары мен мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кедергісіз қатыса алады.

Сондай-ақ, Ерлан Қошнов «Amanat» партиясының жұмысы туралы мәлімет берді. Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Президенттің бастамаларын іске асыру шеңберінде әзірленген партияның «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларына ерекше назар аударылды. Барлық жоба халықтың нақты мәселелерін шешуді көздейді және оларды қоғам қызу қолдап отыр. «Жер аманаты» жобасы аясында екі жыл ішінде 10 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған. Биылғы жылдың екі айында «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 15 мың адам қаржылық сауаттылықты арттыру курсынан өткен. Жыл соңына дейін тағы да 750 мың азаматты оқыту жоспарланып отыр.