Ақмола облысында мал қырылуда. Белуардан келетін қалың қар қыста жауған жаңбырдан кейін сіресіп қатып қалған. Жайылымдағы жылқылар азық таппай көтерем болуда. Ал шарасыз шаруалар жергілікті биліктен көмек сұрайды.
Тұяғымен тарпып жерден азығын табатын жұмыр тұяқтылардың биыл қар қарпығаннан басқа амалы қалмаған. Аңғал батыр ауылынан 20 шақырым жерде ғана жайылған жылқыны ауылға жеткізуге жол жоқ. Қорғалжын ауданында да жағдай дәл осындай. Жұрт малын қорада ұстайын десе, азық жоқ дейді.
Ақмола облысы бойынша аштықтан қырылған мал саны- 107. Сала мамандарының айтуынша, қазір жедел штаб құрылып, төрт түліктің шығынын азайту жұмыстары жүргізілуде.
Еркеш АЛЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ауылдық округтің әкімдері сол жылқыларды сақтап қалу үшін біршама жұмыстар жүргізіп жатыр. 80 пайызы жылқылардың бүгінгі таңда халыққа қайтарылып берілді. Енді 20 пайызы далада бағылып жүр. Сол 20 пайызына сабан жем жөп жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ұлытау облысында да жағдай мәз емес. Желтоқсан және ақпан айларында ауа райы күрт жылып, жаңбыр жауған. Артынша жайылым жаппай мұз құрсауында қалды. Салдарынан төрт түлік шөпке жарымай, көтерем болуда. Өңірге арнайы барған комиссия осындай шешім шығарды.
ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ:
Жаңаарқа кенті мен Қаражал қаласы арасындағы автомобиль жолының бойынан өлексесі табылған 23 жылқының сәйкестендіру нөмірі болмай шықты. Өлекселер мал қорымына жеткізілді. Сонымен қатар Жаңаарқа ауданында сәйкестендіру нөмірі жоқ тағы 44 жылқы табылды. Осылайша, жайылымда өлген 67 жылқының иелерін де анықтау мүмкін болмады. Аудандық ветеринарлық станцияларға жылқылардың өліміне қатысты иелерінен әлі ресми түрде өтініш түспеген. Айта кетейік, Ұлытау облысында 2000 және Жаңаарқа ауданында қолда бар малдың жартысы өлді деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Ауданда барлығы 84 мыңнан астам жылқы бар. Жергілікті билік тарапынан өлген малдың саны есептеп, тіркеуге алу жұмыстары жүріп жатыр.