Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Тобыл өңірінде мал сою орындары жеткіліксіз

05.03.2024ж. 20:00
298
Тобыл өңірінде мал сою орындары жеткіліксіз

Жәрмеңкеден не пайда? Жарытып өнім сатпасақ. Тобыл өңірінің тұрғындары ет өнімін өз бағасына өткізе алмай отырғанын айтады. Өйткені малды арнайы пунктте сою керек. Ал кейбір ауданда ондай орын жоқ. Амалсыз алыпсатарға арзанға беріп отыр.Тұрғындар түйткілін Заңғар Санай тыңдады. 

Қостанай халқын арзан әрі табиғи өніммен қамтамасыз ету мақсатында ай сайын жәрмеңке ұйымдастырылып келеді.Бұл күні облыс орталығында өңірдің түкпір-түкпірінен келген шаруалар өнімін сатып,өз пайдасын көреді.Ал төрт түлікпен күнелткен ауыл тұрғындары табыстан қағылып отыр. Өйткені жәрмеңкеге тек арнайы пункте сойылған мал еті жеткізіледі.

Наталья КРИУЛЬКО, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Шығыны көп. Біріншіден арнайы алаңға жеткізу үшін көлік жалдау қажет. Мал союдың да құны қымбат. Естуімше, сиырды 28 мың теңгеге сояды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, арнайы пункттер бірлі –екілі қара малды қабылдамайды.Жалғыз сиыр үшін цехты іске қосу тиімсіз десе керек.Ал жәрмеңкенің қызығын алыпсатар көріп отыр. Олар ауылдан малды арзанға жинап алып, бірден бірнешеуін қасапшыға жөнелтеді.Ресейдің құны арзан етін де елге әкеліп жатқан көрінеді.

Ольга ОКОЛОТ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Қалаға мал жеткізу үшін 25-30 мың теңгеге КАМАЗ жалдаймын. Тиеп берушілерге тағы төлейсің. Мал сою алаңына апару керек дейді. Ал біздің аудан көлемінде арнайы алаң жоқ.

Светлана ЯН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Қалай күнелтеміз? Жем-шөп сатып аламыз, бірақ малдан пайда көрмейміз. Мына жәрмеңкеде ауылдан келген ет жоқ. Мысалы менің қорамда қоңы жақсы қара мал көп.Бірақ анықтама берілмеген соң әкелмедім. Бізден делдалдар сатып алып жатыр. Өзіміз сол бағаға сатайық десек мүмкіндік бермей отыр.

Облыстың 8 ауданында мал соятын арнайы алаң жоқ .Ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы бұл мәселені көптен бері көтеріп келе жатқанын жазды.

ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ:

Ұзынкөл, Наурызым, Жангелді, Федоров, Қамысты, Алтынсаринде мал сою алаңдары жоқ. Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы аудандық бөлімшелермен бірлесіп, бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Қостанай облысының аудандық және облыстық әкімдіктеріне хаттар жолданды.

Әлгі сегіз ауданда арнайы пунктердің қашан ашылатыны белгісіз. Тұрғындар болса қыруар шығынға қарамастан түлігін сойдыру үшін өзге аудан мен шалғайдағы шаһарға шапқылап әлек. Ал «Ветеринария туралы» заңның 25-бабына сүйенген инспекция өкілдері жәрмеңке жағалағандарды жіті бақылап отыр.