$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Қарағандыда жалақы төлеуден қашатын жұмыс берушілер көбейген

AstanaTV
13.01.2017ж. 20:00
2652
Қарағандыда жалақы төлеуден қашатын жұмыс берушілер көбейген

Қарағанды облысында жалақы төлеуден қашатын жұмыс берушілер көбейген. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің сарапшылары мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, еңбек заңын, әсіресе, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер өрескел бұзады. Олар бірнеше ай айлық төлемегендерімен қоса, қызметкерлерін еңбек демалысына да шығармайтын болған.

Жамал Бажаева, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің сарапшысы:

Қаншама айдан бері ұзақ жүреді, анда барады, мында барады. Көптеген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылары жұмыскерлеріне атқарған қызметтеріне бірнеше айлап жалақыларын бермейді. Бір келгенде 10-15 адамға дейін келеді.

Партияның облыстық филиалында «Жедел желі» акциясы өтіп жатыр. Қоғамдық қабылдау бөлімінің сарапшысы тұрғындар күн сайын әрбір 5 минутта қоңырау шалатынын айтады. Бүгін хабарласқандардың көбі жуықта ғана енгізілген жаңалық - азаматтарды тіркеу шарасы жайында ақпарат алмақ болыпты. Маман оларға қайда, қашанға дейін бару керектігін, қандай құжаттар қажеттігін түсіндірді. Ал, шалғайдағы ауылдықтар қыста жолдың қардан тазаланбайтынын айтып шағымданады, - дейді нұротандықтар.

Бүгін азаматтарды Парламенті Мәжілісінің депутаттары да қабылдады. Тұрғындар халық қалаулыларына көбінесе, әлеуметтік жәрдемақы алу, тұрғын үй, тұрақты және уақытша тіркеуге тұру, денсаулық және экология мәселесімен келген. Белсенділер халықтың ұсыныс, арыздарын тіркеп, тиісті құзыретті мекемелерге сауал жолдайды. 2016 жылы аймақ тұрғындарынан 5 231 өтініші келіп түскен. Оның 21 пайызы толық шешілген. Ал, 40 пайызы бойынша түсініктерме жұмыстары жүргізілген.