$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қырғызстанда ұшақ апатынан 37 адам қаза болды

AstanaTV
16.01.2017ж. 20:00
2805
Қырғызстанда ұшақ апатынан 37 адам қаза болды

Президент Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз елінің басшысы Алмазбек Атамбаевқа «Манас» әуежайындағы ұшақ апатына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы мен жеке өз атынан марқұмдардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша қырғыз халқына қайғырып көңіл айтты. Апатқа ұшыраған ұшақты түркиялық «Avia Cargo Turkish» компаниясы жалға алған. Қырғызстан премьер-министрінің айтуынша, экипаж Манас әуежайына бұған дейін де бірнеше рет қонған. Ауа-райы қолайсыз болғанымен, көру қашықтығы 400 метрді құрапты. Ұшақ қонуға рұқсат алғанымен, екі мүмкіндікті қалай пайдаланбағаны түсініксіз. Сондықтан апатқа экипаж кінәлі болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Қырғызстанда 17 қаңтар қаралы күн деп жарияланды. Апат орнында құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Андрей Андреев, куәгер:


Жарылыстың дауысы қатты болғаны сонша, жақын маңдағы үйлер қозғалғандай болды. Бәріміз қорқып кеттік. Тұрғындар далаға қашып жатты. Тұман болғандықтан, нақты не жарылғанын алғашында түсінбей қалдық. Ұшақтың ауыл үстіне құлауы қою тұманның кесірі деп ойлаймын. 

Бүгін сағат таңғы жеті жарым шамасында Бішкек әуежайына бір жарым шақырым жердегі  Дача-Суу ауылына ұшақ құлады. Бұл Гонконгтен Түркияға бет алған Boeing 747-400 жүк тасымалдайтын әуе кемесі болатын. «Манас» әуежайынан жанармай құюды жоспарлаған. Соңғы мәлімет бойынша, апат салдарынан 23 үй қирап, 37 адам қайтыс болған. Оның төртеуі экипаж мүшелері, қалғаны - ауыл тұрғындары. Тағы 15 тұрғын ауруханаға жеткізілді. Апаттың себебін анықтау үшін Қырғызстанда үкіметтік комиссия құрылған.