Атырауда
«Qazaq Air» әуе компаниясы ұшқышының қан құрамынан алкогольді ішімдіктің
белгілері анықталған. Бұл жайында инвестиция және даму министрлігі ақпарат
таратты. Сондықтан ұшу кейінге шегеріліпті. Атырау-Ақтөбе-Шымкент бағытынағы
әуе кемесінің жолаушылары жолынан қалған еді. Кеше сағат 17:15-те ұшуы тиіс
рейс бүгін таңертең ғана әуеге көтерілген.
Базаргүл
Нәдірқызы, тілші:
«Qazaq
Air» әуе компаниясы рейсті алдымен бір, кейін екі сағатқа кешігеді деп,
жолаушыларды сабырға шақырған. Алайда кейінірек мүлде ұшпайтынын, тек ертең
ғана әуеге көтерілетінін ескертіпті. Себебін экипаждың кешігуімен түсіндірген.
Нағипа
Орынбаева, жолаушы:
Сағат
3-те келгенбіз, содан бері әлі жүрміз. Мысалы, мына қыз отыр. Операциядан кейін.
Тағы бір инвалид, колясочник, ол кетті. Мен де екінші топтағы инвалидпін,
немереммен. Ішкен деп көбісі солай
айтып жатыр. Бірақ өзім көргем жоқ. Бірақ 1 сағатқа, екі сағатқа деп жүрміз ғой, әлі еш нәрсе шешекен жоқ. Обустроим деді, сенім жоқ.
Жолаушылардың
арасында ота жасатуға келген Раушан да бар. Ол Атырауда туыстары болмаған соң
үйіне асыққан.
Раушан,
жолаушы:
Отадан
соң үш жарым сағат аяқтан тік тұрып жүру оңай емес. Тігістері қатты ауырып тұр.
Үйіме барғым келеді. Қазақстанның ішінде де, шетелге де қанша ұшып жүрміз,
экипажды күту себебінен ұшақтың ұшуы тоқтағанын бірінші рет естіп отырмын.
Техникалық себеп те емес, ауа райы да емес, экипажды күту деген масқара ғой.
Рейске
тіркелген 46 жолаушының 20-сы - атыраулық қонақтар. Бұл мәселеге қатысты
"Қазақ Эйр" әуе компаниясының атыраулық өкілдігінен жауап алу мүмкін
болмады. Есігі тарс жабық. Тек бас ғимаратындағы баспасөз қызметі телефон
арқылы экипажды ауыстырғанын айтты. Ал оған не себеп болғаны жұмбақ күйінде
қалып отыр.
«Qazaq
Air» әуе компаниясының баспасөз орталығы:
Денсаулығына
байланысты экипаж ауыстырылды. Осы себептен рейс кейінге шегерілді. Жолаушыларды
көлікпен, тамақпен, қонақ үймен
қамтамасыз еттік. Экипаж мүшелері
алкогольді ішімдік әшкен күйде болды ма, жоқ па, айта алмаймын. Қазір компанияда ішкі тексеріс жүріп жатыр.
Дегенмен,
«Qazaq Air» компаниясында қызмет ететін
44 жастағы испандық ұшқыш расында да алкогольді ішімдік ішкен боп шықты. Оны
Атырау облыстық наркологиялық диспансерінің дәрігерлері айтып отыр. Кеше
кешкісін ұшқыштың жағдайына күмәнданған компания фельдшері диспансерге сараптамадан өткізуге алып
келген.
Әли
Шаңгереев, Атырау облыстық наркологиялық диспансердің дәрігер-наркологы:
Медициналық
куәландыру кезінде алкогольдік ішімдік ішу
дерегі расталды, бірақ мастық белгілері расталған жоқ. Яғни ол сау да емес, мас
та емес. Ішімдік ішкен, арада уақыт өте келе, сауыға бастағанымен, ағзасында
алкоголь қалған.
Базаргүл
Нәдірқызы, тілші:
Дәрігерлер
мұндай масаң жағдайда адамды шөл қысып,
ұйқы басатынын айтып отыр. Бірақ ұшақ
басқаруды оған сеніп тапсыруға бола ма, жоқ па - оны компания басшылығы өздері шешеді деді. Ал сарсаңға түскен жолаушылар ақыры Атырауда қонып, бүгін
жергілікті уақытпен таңғы сағат 6-да әуеге көтерілді.