Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

"Бөген" су қоймасының бір жағалауын бекітпесе, су жырып кетуі ықтимал",-сарапшы

"Бөген" су қоймасының бір жағалауын бекітпесе, су жырып кетуі ықтимал",-сарапшы

Түркістан облысындағы «Бөген» су қоймасының бір жағалауын тездетіп бекітпесе су жырып кетуі ықтимал. Ауыл шаруашылығы маманы, су ресурстары жөніндегі сарапшы Кирилл Павлов осылай деп дабыл қағуда.Оның айтуынша, «Бөген» су қоймасын әу баста жобалау кезінде кемшіліктер жіберілген. Жағалаудың бір бөлігін бекемдеу кезінде топырақ қабаты дұрыс болмаған көрінеді. Соңғы кезде жел дәл сол жаққа қарай тұрып, суды солай қарай қуып жүргені алаңдатпай қоймайды деп отыр.

Кирилл ПАВЛОВ СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ:

Судың нақ сол аумақта көбірек жиналуы салдарынан соңғы бірер жылда құздану \эрозия\ болып жатыр. Ал ол жердің топырақ қабаты талапқа сай емес. Ылғал жиналған кезде жағалау жіпсіп, су сыртқа кету қаупі бар. Бұл сол маңдағы елдімекендерге қауіп төндіреді. Қазір менің байқауымша, қоймадағы су мөлшері едәуір азайған. Бұл - көктемде шаруаларға су жетпеуі мүмкін деген сөз. Жергілікті шаруалар табыстан қағылауы ықтимал... Сол үшін жағалауларын тездетіп мықтап бекемдеу керек .

Ал облыстық әкімдіктегілер «Бөген су» қоймасына қатысты ешқандай қауіп жоқ дейді. 1967 жылы пайдалануға берілген қойманда су қоры жеткілікті. Осы айдан бастап шаруаларға көктемгі егіс жұмыстары үшін су беріле бастайтынын айтты. Қазір Бөгенде 349,1 млн текше метр су жиналған. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 14 млн. текше метрге кем. Дегенмен, алаңдауға негіз жоқ, дейді жауаптылар. 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

2021-2022 жылдары төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобаға мемлекеттік сараптама қорытындысын ағымдағы жылдың маусым айында алу жоспарлануда. Сонымен қатар су қойманың беріктігін арттыру мақсатында 2022 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта қоймадағы су авариялық жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті құралдармен қамтамасыз етілген.