$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Құрылтай ұлттық дәстүріміз бен халық үніне құлақ асатын институттың бірі", - А.Бәйменов

"Құрылтай ұлттық дәстүріміз бен халық үніне құлақ асатын институттың бірі", - А.Бәйменов

Мемлекет басшысы бұған дейінгі құрылтайларда жалпыұлттық бірлікті нығайту, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен еңбек адамының мәртебесін көтеру сынды мәселелер қозғады. Нәтижесінде былтыр елімізде тұңғыш рет "Еңбек күні" аталып өтілді. Мемлекет басшысының еңбекті бағалауға қатысты ұсынысы көпшіліктің көңіліне қонды. Бұл жолғы құрылтайдан да жұрттың күтері көп.

Алғашқы екі құрылтайда ұлтқа қатысты ірі мәселелер қозғалды. Соның бірі - өскелең ұрпақтың тәрбиесі. Жастарды еңбекке баулу, рухани жаңғырту жайы сөз болды. Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру мәселесі де бүгінгі күні өте өзекті.

Ербақыт АМАНТАЙ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Қазіргі жастар заманауи жастар. Сондықтан олар бұрынғыдай бәріне бірдей қолына күрек беріп, көшеге жібере алмайсың. Сондықтан креативті индустрия орталығы деген жобалар қолға алынды. Біздің қаламызда да, Петропавл қаласында да ашылып жатыр. Кейбір өңірлерде ашылып та қойды. Бұл сол Түркістанда өткен құрылтайдың жемісі, сонда берілген тапсырманың нәтижесі деп ойлаймын.

Ұлттық құрылтай мүшесі Алихан Бәйменов Президент құрылтайда қоғам өкілдерінің пікірін саясаттан тыс тыңдауға мүмкіндік алады дейді. Сондай-ақ мемлекеттің дамуына, қоғамның қажетті қабілеттерін арттыруға бағытталған көзқарастарымен бөліседі.

Алихан БӘЙМЕНОВ, АСТАНА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ХАБЫ БАСҚАРУШЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:

Адамның жұтқан ауасы мен ішкен тамағы мен суы оның тән саулығына қалай әсер етсе, оның білімі мен тәрбиесі және алатын ақпараты оның жан саулығына солай әсер етеді. Сол себептен де біз ақпараттық саясатты жетілдіруді басты маңызды бағыттардың бірі деп өне бойы құрылтай мүшелерінің назарында ұстаған дұрыс деп есептеймін.

Елді ұйысуға үндейтін ұлттық құрылтай биыл ежелгі хан-көсемдер орда тіккен Сарайшық қаласының орнында, яғни Атырау қаласында өтеді. Бұл жолғы басқосуда да келелі мәселелер қозғалатыны анық.

Ермұрат БАПИ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:

Қоғам белсенділеріне қатысты қоғамда қудалаулар көп болып кетті. Мен осы құрылтайда осы тақырыпты қозғайын деп отырмын, жеке өзім. Қазір қарап отырсақ қоғам салыстырмалы тұрғыда сондай толқып тұрған жоқ, теңселіп тұрған ештеңе жоқ. Әр жерден бір анда-санда белсенділер шығады, әлдебір мәселелерге байланысты наразылықтар болады. Соның өзін қудалап, оларды қамап, әкімшілік жаза беру шектен шыққан дүние.

"Құрылтай" сөзінің түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенге келеді. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Алғашқы құрылтайда Президент осылай деді. Ұлттық құрылтайдың мемлекет дамуындағы ұлттық идеологияны дамытуда орны ерекше. Келелі басқосу түрлі сала өкілдерінің, қоғам және мемлекет қайраткерлері мен сарапшылардың ой толықтыратын жеріне айналды.